«General Electric» компаниясы Қазақстанда кәсіпорын ашады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«General Electric» компаниясы Қазақстанда кәсіпорын ашады

20.09.2022

«General Electric» компаниясы Қазақстанда медицианылық құрылғыларды шығаратын кәсіпорын ашады. Ал Майкрософт біздің елде IT зертханасын орналастырмақ. Мемлекет басшысы Нью-Йорк қаласына жұмыс сапары аясында әлемдік ірі компаниялардың басшыларымен келіссөздер өткізді. Мұхиттың арғы бетіндегі ірі ойыншылар Қазақстан экономикасына қаржы құюға ынта танытып отыр. Қос тарапқа да олжа салар қандай жобалар бар? Президент сапарының нәтижесі қандай?

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Нью Йорктың орталық саябағы. Жасыл желегі жайқалған бұл аумақты жергілікті жұрт қаланың кең тыныстайтын өкпесіне теңейді. Ал тұтас Нью Йорктың өзі АҚШ тың қала берді әлемнің қаржы орталығы. Мына тұрған әйгілі Манхеттен ауданында әлемнің ең алып компанияларының штаб пәтерлері орналасқан. Дүние жүзінің есеп-қисабы да осы жерде жасалып жатыр. Біріккен ұлттар ұйымының жиынына келген қазақ басшысы жұмыс сапарын алып ел Америкамен байланысты бекемдеуге арналған жиындардан бастады.

АҚШ әлемдегі экономикасы ең қуатты ел. Дүниежүзіндегі ішкі жалпы өнімнің төрттен бірі осы мемлекетке тиесілі. Былтыр елдер арасындағы алыс-беріс 2,2 млрд долларды құраған. Биыл бұл көрсеткіш 40 пайызға өсіп отыр. Әріптестікті тереңдете түсу үшін бірлескен жобалар санын көбейту қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев ең әуелі жаһандық қаржы ұйымдарының басшыларымен кездесу өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз 30 жылда көптеген салада үлкен жетістікке жеттік. Соның ішінде халықаралық қауіпсіздіктен бастап, энергетика және сауда саласына дейін. Енді басқа да қаржылық ынтымақтастықты арттыра түсетін кез келді. Қазақстандағы осы жұмыстарда сіздер маңызды орын атқарасыздар. Біздегі мүмкіндіктерді өздеріңіз келіп көріңіздер.

Иә, қазір әлемдегі геосаяси ахуал да күрделі. Саяси текетірестердің бизнеске салқыны бар. Ал Қазақстан ешбір елмен жауласуға жоқ. Бейбіт әрі бейтарап. Сондықтан да АҚШ-тың кәсіпкерлері қазақ елінде іс жүргізуге зор қызығушылық танытып отыр.

Қайрат Келімбетов, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы:

Біріншіден ол агро секторға инвестициялар туралы көп сөз айтылды. Менің ойымша бірнеше инвест қорлар осында Қазақстанға агро секторға инвест туралы шешім қабылдады менің ойымша. Сонымен қатар тағы декорбанизация көп инвестиция болады. Алтернативный энергия секторларға көп инвестиции тартарымз осы АҚШ мемлекетінен.

АҚШ жоғары технологиялар бойынша әлем көшбасшысы. Ал сол компаниялардың ішінде Майкрософттың салмағы басым. Әлемдік айти гигант Қазақстана дата орталығын ашуды жоспалап отыр.

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму және аэроғарыш министрі:

Майкрософттың Ажур деген платформасы бар. Майкрософт ажур және дата центр құру Қазақстанда. Сол жобалар талқыланатын болады. Ол жобаны жүзеге асыру үшін бізге еліміздің заңнамасына кішкене өзгерістер енгізу қажет.

IT саладағы тағы бір алпауыттың бірі ЕПАМ компаниясы. Әлем бойынша 60 мыңнан астам қызметкері бар. Бағдарламалау және ірі компанияларға қызмет көрсету бойынша үздіктердің бірі. Бүгінде Алматыдағы кеңсесінде бір мың қызметкер жұмыс істейді. Таяу жылдары бұл санды 5 мыңға жеткізу жоспарлап отыр. Осылайша Қазақстан әлемдік ақпараттық технологиялар картасында үлкен ойыншыға айналмақ.

Аркадий Добкин, «Epam systems» президенті:

Біз Қазақстанда білім жобаларына, адами капиталды дамытуға қаржы құюды жоспарлап отырмыз. Осылайша мұнда үлкен офис құруға ниеттіміз. Ол үшін Қазақстанның бар мүмкіндігі бар. Елде цифрандыруға үлкен мән беріліп отыр. Ал біздің жұмыс осы экосистеманы қалыптастыруға септігін тигізеді.

Осыдан кейін мемлекет басшысы әлемнің әр түкпірінде, халықаралық компанияларда жұмыс істеп жүрген қазақтың технарь қыз-жігіттерімен кездесті. Диджитал Номадс деп аталатын бірлестік 400 ден астам адамды біріктіріп отыр. Олар Гугл, Фейсбук, Амазон секілді компанияларда жұмыс істейді. Жаңа технологияның тілін меңгерген жастар президентпен емін-еркін әңгімелесіп, еліміздегі түрлі саланы дамыту бойынша өз ұсыныстарын да білдірді.

Ғалымжан Өтеулин, IT маман:

Бүгін президентке қандай ұсыныстар айтасыздар? Негізі ұсыныстар тек бастамасы. Өйткені сондай тақырыптарға сөйлеген кезде көп уақыт өтуі керек. Оған тәжірибе керек. Бірақ та бір идеялардың бірі спорттық программалау деген тақырыптар болады, содан кейін венчурлық капитализм деген тақырыптарды көтереміз.

Таңнан басталған кездесулер қас қарайғанша жалғасты. Жұмыс кестесі өте тығыз. Бір күнде 20 ға жуық келіссөз өтті. Кешқұрым мемлекет басшысы Қазақстан- Америка инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты. Форбс тізімінің ең ірі жүздігіне кіретін кіл мықты компаниялар бас қосты. Жиында Президент Қазақстандағы саяси әрі экономикалық реформаларға тоқталды.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Президент сапары аясында Қазақстан мен АҚШ тың компаниялары бірқатар келісімге қол қойды. Мәселен Файзер компаниясы Қазақстанда вакцина өндірісін жолға қоймақ. Ал Хонейуолл корпорациясы өндіріс орындарының бір бөлігін біздің елге көшіруді жоспарлап отыр. Осылайша Қазақстан бірқатар сала бойынша әлемдік компаниялар үшін өңірлік хабқа айналмақ.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу