Мемлекет басшысы АҚШ-та ірі компания өкілдерімен кездесу өткізіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы АҚШ-та ірі компания өкілдерімен кездесу өткізіп жатыр

19.09.2022

Дәл осы сәтте Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Америка Құрама Штаттарында жергілікті алпауыт компания өкілдерімен кездесу өткізіп жатыр. Сонымен қатар Президентпен жүздесуге ірі қаржы ұйым басшылары да ынта танытқан.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Нью-Йоркта дүйсенбінің таңы енді ғана атты. Қазір мұнда таңғы сағат 10:00. Бүгін Президенттің қатысуымен бірқатар іс-шара жоспарланған. Жаңа ғана Қасым-Жомарт Тоқаев ғаламдық қаржы ұйымдарының жетекшілерімен жүздесті. Олардың қатарында Франклин Темплетон, Ауербах және Грейсон сынды компанияның директорлары бар. Нью-Йорк Американың ғана емес әлемнің қаржы орталығы болып есептеледі. Мұнда дүниежүзіндегі алпауыт компаниялардың басым бөлігінің штаб пәтерлері мен өкілдіктері орналасқан. Бүгін Мемлекет басшысы кешке дейін 20 шақты кездесу өткізеді деп жоспарланып отыр. Осы сапар аясында бірқатар келісімдерге қол қойылмақ. Шара алдында Самұрық-Қазына қорының басшысы Алмасадам Сатқалиевтан сұхбат алған едік.

Алмасадам Сатқалиев «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:
«Самұрық-Қазына» қорымен 13 ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Ол Қазақстанның су және электр салаларын қамтиды. Сонымен қатар көлік-логистика жүйесін дамытуға арналған бірқатар жоба бар. Бүгін біз осы бойынша америкалық әріптестермен келіссөздер жүргіземіз. Олар бұл жұмыстарды бірлесіп атқаруға зор қызығушлық танытып отыр. Сонымен қатар инновациялық 10 жобаның тізімін құрдық. Олар түрлі саланы қамтиды. Бүгін біз бірнеше келісімге қол қоюды жоспарлап отырмыз.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Былтыр Қазақстан мен Америка арасындағы алыс-беріс 2,2 млрд долларды құраған. Қазақстан экспортының үлесі 872 млн доллар. Негізінен ол мұнай мен темір. Ал биыл сауда-саттық 44 пайызға өскен. Бүгінгі келісімдерден кейін бұл сан тағы да өсуі мүмкін. Сонымен қатар АҚШ біздің елге инвестиция құйып отырған ең ірі елдердің бірі. Тәуелсіздік жылдары бұл сома 45 млрд доллардан асқан. Алдағы уақытта тараптар әріптестіктің көкжиегін кеңейтіп, басқа да салалардағы байланысты дамытуға мүдделі. Оны Президент кездесетін компаниялардың тізімінен де байқауға болады. Бүгін JPMorgan, Goldman Sachs, Boeing, ExxonMobil, General Electrics, Microsoft секілді корпорациялардың басшыларымен келіссөздер жоспарланған. Сондай-ақ Президент АҚШ-тың ірі техно және айти ұйымдарында жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарымен кездеспек.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу