Түркістан облысындағы Байқоныс елдімекенінің тұрғындары өркениеттен тыс қалдық деп өкпелі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысындағы Байқоныс елдімекенінің тұрғындары өркениеттен тыс қалдық деп өкпелі

12.09.2022

Себебі балалар мен жастарға спортпен шұғылданатын орын жоқ. Екі жыл бұрын мемлекет қаражатына спорт алаңдары салынғанымен, пайдалануға берілмей жатып тозып кеткен. Газ құбырлары тартылса да әлі көгілдір отынға қосылмапты. Ауылдың бүгінгі жағдайын өңірдегі тілшіміз тарқатады.

Байқоныс ауылында жаңадан салынған спорт алаңының бүгінгі жағдайы адам аярлық. Қоршалған сымдары шетінен үзіліп жатыр, ортасын жантақ басқан. Жергілікті халық мемлекеттің миллиондаған қаражатына салынған нысанның кәдеге аспай жатып, жарамсыз күйге түскеніне қапалы. Мердігер мекеме жұмысты соңына дейін жеткізбей, қарасын көрсетпей кетті деп отыр.

Нұрлан Дәулетов, ауыл тұрғыны:

Екі жылдан бері қалды осы күйі. Көріп тұрғандарыңыздай, сетканың барлығы ашылып кеткен. Сапасыз істелген. Бұл жерде не стадионымыз жоқ. Басқамыз жоқ. Оларды көрмегенімізге анық бір жарым жыл болды.

Ауыл тұрғындарын мазалаған тағы бір мәселе – көгілдір отын. Құбырлар әлдеқашан тартылса да, әлі газ келмеді дейді. Күн суытса көмір тасып шаршаймыз деген халық отын бағасы шарықтап кеткеніне алаңдайды. Аудан шалғай орналасқандықтан көмір алу екі еседей қымбатқа түседі. Екі жарым мыңнан аса халық тұратын ауылдың тұрғындары жергілікті әкімдіктің жыл сайын берген уәдесінен шаршадық деп отыр.

Тағабек Өмірбекұлы, ауыл тұрғыны:

Халық ашынып, жылда қара күзге дейін күтіп отырады. Газ келіп қалатын шығар, биыл шығынданбайтын шығармыз. Күл шығармайтын шығармыз дегендей мәселемен. Мен өзімді айтайын мысалы, өткен жылы мен 200 мың теңгеге көмір алдым.

Айткүл Бердімұратова, ауыл тұрғыны:

Барлық нәрсе қымбаттап кеткен ғой. Ағашың да қымбат, көмірің де қымбат, ұның да қымбат. Газды ертерек берсін. Келіндеріміз күйелеш-күйелеш болмай, газ жағып өмір сүрейік.

Ал аудан басшылығы көгілдір отынды қосу келесі жылға жоспарланып отырғанын айтады. Себебі қазіргі газ тарату стансасының күші жетпегендіктен, жаңадан қуаттылығы жоғары нысан салынып жатқан көрінеді. Ал спорт алаңының жағдайымен жауапты бөлім басшысы таныс болып шықты. Бұзылуына балаларды кінәлады

Еркебұлан Сейдалиев, Жетісай аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:

Ол жерде доп тигеннен кейін сымдар ажырайды. Кешке балалар ойнайды. Үстінен секіріп өтеді, майысады. Балалар көп ойнайтын болғандықтан, сымдар жоқ болып кетеді. Топыраққа айналып кетеді.

Яғни алаңшаны жауапты бөлім өз қарамағына қабылдап алған. Тіпті бір маманды бекітіп, кәдеге асырып отырмыз, дейді. Сапасына қатысты сын айтылғанымен, күзге қарай ретке келтіріп аламыз деп ақталды.

Айнұр Ақбаева

Хабарламаларға жазылу