Қостанайдағы өрт: Мемлекетке қандай шығын келді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайдағы өрт: Мемлекетке қандай шығын келді?

11.09.2022

Қостанай облысындағы апатпен арпалысқан 5 күн бойы өрт сөндірушілер үйлеріне қайтты. Астананың өзінен 98 өрт сөндіруші көмекке барған екен. Бүгіннің батырлары.

Олар тілсіз жаумен тынымсыз күресті. Сол жерде-ақ оранып алып ұйықтап жатқан өрт сөндірушілердің суреті елжіретпей қоймайды. Ал Абай облысындағы апат кезінде 1 азаматымыздан айырылып қалдық. Бірінші ауыл елдімекенінде өрт кезінде автоцистерна жарылып, өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 14 өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі Айдос Тоғызбаев көз жұмды. Жанында 2 әріптесі болған. Олар дін аман. Марқұм президент жарлығымен ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Амангелді Тұрлыбеков пен Нұрлан Сәлімжан да мемлекеттік наградаға ие болды. Иә, қазір қауіп жоқ. Президент те апта басында Қостанай облысына барып, жағдайдың тез реттелетініне уәде етті. Ел болып, жылу жинадық. Қиын-қыстау кезеңде бір болатынымызға тағы да көз жеткіздік.

Дегенмен, «өрт шыққанда құдық қазатынымыз» қынжылтады. Апат болса, проблема да шығатыны қалыпты жағдайға айналып бара ма? Өрт басталғалы осы саланың біраз мәселесі ашылып, көтеріле бастады. Ең негізгісі – өрт сөндірушілердің техникалық-материалдық жағдайы. Әсіресе өңірлердегі өрт сөндірушілердің хәлі мүшкіл. Техника не ескі, не жетпейді... Жалақы да мардымсыз.

Қазір елімізде өрт сөндірушілер алғашқы жұмыс жылында шамамен 115 мың теңге жалақы алады, ал еңбек өтілі 20 жыл болса, айлық 200 мың теңгеден асады. «Әр істің қайыры бар» деу бұл оқиғада қисынсыз болғанымен, осы төтенше жағдайдан кейін өрт сөндірушілердің жалақысы өсірілмек. Ұлттық қауіпсіздік комитеті мамандарының еңбекақысымен теңестіріледі. Жыл сайын елімізде он мыңдаған алқап отқа оранады. Былтыр 749 орман өрті тіркеліпті. Біз осы «жеріміз кең байтақ, табиғаты әсем, сулы-нулы» деп мақтанғанда тұтас Қазақстанды орман орап тұрғандай ойлаймыз-ау... Жалпы орман жер шарының шамамен 30 пайызын алып жатыр. Түрлі халықаралық агенттіктерді саралап-сараптаған Дүниежүзілік банктің дерегінше,

2020 жылы әлемдегі ең орманды мемлекет Ресей болған. Көршілерімізде жердің 50 пайызға жуығы орманды. Жалпы көлемі, 800 млн гектардан асады. Екінші орында 500 млн гектардан астам орманы бар Бразилия, үшінші орында Канада тұр. Оларда 310 млн гектар.Ал бізде бар жоғы 13 млн гектардан асады. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің дерегінше, 2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша ел аумағының 5 пайызға жуығы ғана орман екен. Мемлекетіміз жер көлемі бойынша 9-ші орында болғанымен, орман көлемі бойынша 80-ші орынға да жетпейді. Өйткені, кейбір облыстарда ағаш мүлде аз. Мәселен, Ақтөбе мен Жезқазған өңірінде көрсеткіш 0,1%. Иә, жасыл желегіміз аз. Сол үшін бізде орман алқаптарын көбейту бойынша түрлі жобалар бар. Елорданың іргесіндегі «жасыл аймақты» ерекше атап өтуге болады. Ал одан басқа көптеген жоба аяқсыз қалды. Мысалы, 2017 жылы Ақтөбеде 1 млн 200 мың түп ағаш егіліп, екі жылдан соң түгелдей қурап кеткен. Оның себебін іздеп көрдік. Ал, 2 жыл бұрын Президент 2025 жылға дейін 2 млрд түп ағаш егуді тапсырған. Ол бойынша да жоспардан кешігіп жатқан аймақ көп. Әр өңір әртүрлі себеп айтады. 

Соңғы аптада болған орман өрттері өрт сөндірушілердің ғана емес, орманшылардың да күйіп тұрған көп мәселесін ашып көрсетті. Оны кейін айтамыз. Алдымен, орман өртінің соңғы жылдардағы статистикасын шолып шықсақ.

2020 жылы орманда 701 өрт болып, 102 мың гектарды өрт шалған. Ал, былтыр 749 өрт 167 мың гектарға жеткен. Биыл соңғы аптадағы оқиғаларды қоспағанның өзінде 690 өрт болған. 37 мың гектар жанған. Яғни, орта есеппен күніне екі жерден өрт шығады деген деген сөз.

Нұрболат Дербісов, ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы:
Қазір барлығы шуылдап жатыр ғой, көбейіп кетті деген сияқты. Көбейіп кеткен ештеңе жоқ. Соңғы жылдары 2021-22-де 600,700, 800-ге дейін орман өрттері тіркеліп жатады.

Өртенген аймақ табиғи жолмен қалпына келмейтіні түсінікті. Бюджетке шығын. Мысалы, былтыр орман өрттерінің шығыны 6 млрд теңгеден асқан. Ал, Қостанайдағы оқиғаның зардабы енді есептеліп жатыр. Сол жерде инженер болып бірнеше жыл жұмыс істеген биолог ғалым Саадат Жаңабаеваның сөзінше, орманды қалпына келтіруге кемі 50 жыл керек.

Саадат Жаңабаева, Орман тұқымдарын зерттеу инженері:
Ең өкініштісі, ол жер табиғи генетикалық резерват болып есептелетін. Яғни, біздің эрамызға дейінгі ағаштардың тұқымын табуға болатын еді. Олар жанып кетпеген шығар деп үміттенемін. Егер оларды жоғалтып алсақ, өте көп байлықтан айырылдық деген сөз...

Ғалым Қостанайда осындай өрт 2004 жылы болған дейді. Сол кезде жанған ағаштардың орнына отырғызылған көшеттер енді ғана бой көтерген. Яғни, өртенген орманды оңалту қиын. Ал, бізде елді жасыл-желекпен көмкеруге арналған бағдарлама көп. Аяқсыз қалатыны қаншама.

Демек, орманды көбейтуден бөлек, оны қорғау маңызды. Ал, экология министрлігі өртенген аймақтардың орнын толтыру үшін жұмысты жоспардан асыра орындап жатырмыз,-дейді.

Толқын Нұрәбілов, ҚР ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы:
2 млрд бойынша 2021 жылғы жоспар асыра орындалды. 130 млн дана ағаш отырғызу керек еді, былтыр 138 млн дана ағаш отырғыздық. +05:47 Биылға 278 млн дана ағаш егу жоспарланған. 106 млн көктемде отырғызылды, қалғаны күзде егілуі тиіс...

Егілуі тиіс... Бірақ, толық егілмеуі мүмкін... Өйткені, жұмысқа үлгермей жатқан аймақтар көп. Соның бірі - Батыс Қазақстан облысы. Себебін былай түсіндірді:

Мекемеге былтыр жаңа 48 техника сатып алу үшін әкімдіктен 439 млн теңге бөлінген. Бірақ, трактор, агрегаттар қымбаттап, 28 техника ғана алынған. Бұл бір облыстағы мысал. Ал, мәжіліс депутаты Аманғали Бердалиннің сөзінше, елдегі 120-дан астам орман мекемесінің бәрінде осы жағдай.

Яғни, президент тапсырмасынан соң аймақтарда орман өсіруге қажетті ақша көлемі бірден 6 есеге артқан. Ал, ол мекемелер 2003 жылы ауыл шаруашылығы министрлігінен алынып, жергілікті органдардың балансына берілген. Ондағы мақсат шаруашылыққа қосымша қаражат табу еді. Бірақ, содан бері бөлінетін қаражат керісінше азайып кетті,-дейді экология сарапшысы Сәкен Ділдахмет.

Сәкен Ділдахмет, Экология сарапшысы:
Әкімдіктер бүгінгі күні бірінші кезекте әлеуметтік маңызды салаға қаражат бөледі. Бұл жаңағы мектебі бар, ауруханасы бар, білім саласы бар, жолы бар. Ең соңынан келген кезде орманға келеді. Оған қаражатты бөлмеуі де мүмкін.

Орман саласының тағы бір өткір мәселесі – маман жетіспеуі. Бүгінде орманшылардың орта жасы 55-те. Жастар бұл жұмысқа барғысы келмейді. Себебі, айлық мардымсыз...

Мұхит Рамазанов, «Жасыл аймақ» РМК бас директоры:
Орманшылардың жалақысы біздің ең төменгі жалақы 90 мың. Күнделікті жұмысқа келеді. Бізде 8 орманшылық бар. 8 орманшылыққа 128 орманшы қамтылған.

90 мың Елорданың іргесіндегі, мемлекет қорғауындағы «Жасыл аймақ» орманшыларының айлығы. Ал, шалғайдағылар 50-60 мың теңге алады дейді,-Сәкен Ділдахмет. Оның сөзінше бұл кейбір елдегі орманшылардың 2 күндік жалақысымен бірдей.

Сәкен Ділдахмет, Экология сарапшысы:
Мысалы АҚШ-та орманшылардың орташа айлығы 4200 долларды құрайды. Мына Австралия елдерінде 5 мыңнан жоғары, Финляндия елдерінде олар әлдеқайда жоғары, Швейцарияда орманшы 6 мың доллар алады.

Біз сөйлескен сарапшы да, депутат та, мәселенің ендігі шешімі - саланы қаржыландыруды республикалық бюджетке өткізу деді. Бұл орманшыларды әлеуметтік қолдауға да, оларды бір орталықтан басқарып, мекемені техникамен қамту үшін де ыңғайлы дегенді айтты. Осы тұста тағы бір мәлімет. Ормандағы өрттің жартысынан көбі демалған, орман ішінде жүрген адамдардан шығады. Ал, орманды одан қорғауы тиіс мамандардың өзі қорғансыз күйде жүргендей...

Қаншама жағдайлар болды, орманшылар өрт сөндіріп жүріп өліп кетті. Мысалы, сондай мәселелер көтерілмей жатады да, сол жағы қиын, орманшылардың еңбегі бағаланбайды мысалы...

Аманкелді Сейтхан

Хабарламаларға жазылу