Ұлыбританияда аза тұту 10 күнге созылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияда аза тұту 10 күнге созылады

09.09.2022

Ұлыбритания халқы аза тұтып жатыр. Лондондағы тілшіміз Марина Бекенова бізбен байланысқа шықты.

Марина Бекенова, тілші:

Дәрігерлер монархтың денсаулығы жақсы еместігін хабарлаған соң күні кеше король отбасының мүшелері патшайымның Шотландиядағы Балморал резиденциясына жиналды. Хәл үстінде жатқан Елизавета Екіншінің беті бері қарамай, кешкісін оның көз жұмғаны жайлы ақпар тарады.

Елизавета Екінші ұзақ әрі ғибратты ғұмыр кешті. Ол тақта отырған жылдары Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Тұманды Альбион қайта түледі. Ұлыбритания империя болуын тоқтатып, біріккен ұлттар ұйымына мүшелікке өтті. Еуро Одақ құрамына кіргенімен, кейін қайта шыққанын да бүкіл әлем біледі. Патшайым билік еткен жылдары 15 премьер-министр ауысты.

Лиз Трасс, Ұлыбритания премьер-министрі:

Бұл біз үшін орны толмас қайғы. Елизавета патшайым артында өшпес мұра қалдырды. Британия бүгінде іргелі дамыған мемлекетке айналды.

Букингем сарайының төбесіндегі ту төмен түсірілді. Кешелі бері сарай қақпасының алдына адамдар көптеп жиналып жатыр. Олар гүл дестелерін әкеліп, көз жастарына ерік беруде. Елде Ұлттық аза тұту 10 күнге созылады. Тек содан кейін ғана жерлеу рәсімі өтпек. Елизавета Екіншіден соң таққа оның үлкен ұлы 73 жастағы Чарльз отырады.


Хабарламаларға жазылу