Президент жолдауы: 500-мыңға жуық ана жәрдемақы алуға құқылы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент жолдауы: 500-мыңға жуық ана жәрдемақы алуға құқылы

08.09.2022

Бала күтімімен үйде отырған жарты млнға жуық ана 1 жарым жасқа дейін берілетін жәрдемақыны ала алатыны белгілі болды. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері айтты. Ай сайын берілетін төлем жұмыс істейтін және жұмыссыз аналардың бәріне бірдей төленеді. Тек көлемі өзгермейді.

Мейрамгүл Төлеушәріпова биыл үшінші сәбиін дүниеге әкелді. Бала күтімімен үйде отырған жас ана үшін жәрдемақының өзі жақсы қолдау.

Мейрамгүл Төлеушәріпова, қала тұрғыны:

Менде декретте отырған ана едім, қуандым осы жаңалыққа. Балам бір жасқа толмаған еді. Ары қарай бұйырса тағы аламын. Бұл үйде отырған аналарға өте жақсы мүмкіндік.

1 жарым жасқа дейінгі жәрдемақы келер жылдан бастап беріледі. Тек ескеретін жайт, оған бала 1 жасқа толып қойса бұл тізімге ілікпейді. Ал сәби 1 жасқа қаңтарда толса, жәрдемақы тағы 6 айға тағайындалады.

Ғалия Жабағина, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі департамент директорының орынбасары:

Бұл құқыққа жарты млннан астам декреттегі ана құқылы. Жұмыс істейтін аналар Мемлекеттік сақтандыру қорынан 40 пайыз жәрдемақы алады. Ал жұмыс істемейтін аналар мемлекеттік бюджеттен орташа есеппен 51000 теңге алады.

Алдағы 5 жылда 61-ге толған әйелдер зейнетке шыға алады

Президент пәрменімен алдағы 5 жылда әйелдердің зейнет жасын өсіруге шектеу қойылды. Яғни кім осы уақыт аралығында 61-ге толады, еш кедергісіз зейнеткерлікке шығады. Зейнет жасы енді толған Балжан Керебаева бұл шешімге қуанып отыр.

Балжан Керебаева, қала тұрғыны:

Әсіресе қара жұмыс істейтіндер бар. Дала сыпырушы бар. Үй жайларды жинайтындар бар. Екі жыл болса да қысқарып жатыр ғой, оған қуаныштымын.

Шынымен де, пандемия кезеңінде әйелдердің денсаулық көрсеткіші күрт төмендеген. Әсіресе, 55-63 жастағы әйелдердің арасында ауру көп. 2019 жылы әйелдердің өлім жітімі 10 мың болса, 2021жылы 20 мың адамға жетті. Өмір сүру ұзақтығы 2019 жылы 77,3 жастан артқан еді, былтыр 74-ке түскен.

Айгүл Сакеева, ҚР ЕХӘҚМ Әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік сақтандыру департаментінің бас сарапшысы:

Қолданыстағы заңға сәйкес, 2017 жылдан бастап 6 ай қосылып отыратын. Тоқтата тұру арқылы әйелдердің денсаулығын қалпына келтіруге уақыт беру. Осы 5 жылдың ішінде жасы 61-ге толғандар зейнетке шыға береді.

Елімізде 2,2 млн зейнеткер бар. Оның 1 жарым млн-ы әйел адамдар. 2028 жылдан кейін осы зейнет жасы қала ма әлде өзгере ме ол әйелдердің денсаулық көрсеткіші мен өмір сүру ұзақтығына байланысты болмақ.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу