Жәрдемақы өседі

27.02.2019

Елдің тұрмыс жағдайы жақсарса, өрісі де кеңейеді. Осы орайда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкіметке әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды, әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын кеңейтуді тапсыруы қоғамда қызу қолдау тапты. Енді атаулы әлеуметтік көмек алып отырған көпбалалы отбасылардың әр баласына берілетін жәрдемақы 21 мың теңгеден кем болмауы тиіс. Бұл маңызды бастама еліміз бойынша жүздеген мың отбасын қамтымақ.

Бибігүлдің отбасымен пәтер жағалап жүргеніне он жыл болған. Бес баласының үшеуі мектепке барады. Күйеуінің табысы мардымсыз. «Сондықтан айдан-айға тиын санап әрең жетеміз»,-дейді. Алайда, жәрдемақы өседі деген жағымды жаңалық оны қуанышқа бөледі.

Бибігүл Аймағамбетова, көпбалалы ана:

- Күйеуім 40 мың теңге айлық алады. Балаға 10 мың жәрдемақы аламын. Ешқайда жетпейді. 21 мың әр балаға береді дегенге қуанып отырмын. Бұған дейін жетпейтін еді ештеңеге. Осы арқылы жағдайым жақсарады деп ойлаймын.

Нұргүл де көпбалалы ана. Еден жуып табатыны 40 мың теңгенің шамасы ғана. Ол отбасылық табысы аз болғандықтан, бүгін қала әкімдігінің қабылдауына келіп, атаулы әлеуметтік көмек алу үшін өтініш берді.

Нұргүл Қартбаева, көпбалалы ана:

- Әр балаға 21 мың теңгеден. Бұл - жақсы жаңалық.

Қазір облыс бойынша аз қамтылғандар санатындағы 4113 отбасы бар.

Мамандар олардың саны әлі артатынын айтады. Қазір әр балаға 21 мың теңге көлеміндегі жәрдемақыны кімдер алуға құқылы екені түсіндіріліп жатыр. Жәрдемақы тағайындау барысында отбасының табысы ескеріледі.

Гүлзада Алматбаева, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

- Атаулы әлеуметтік көмек көрсету барысында 50 пайыз кедейшілік деңгейі есептелетін. Енді бүгінгі әлеуметтік саладағы жағымды жаңалықтарға сәйкес, ол 70 пайызға арттырылып отыр.

Жыл сайын көпбалалы отбасыларға 500 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп тұрады. Республика бойынша атаулы көмекті 111 мың көпбалалы отбасы алып отыр. Елбасы аталған көмекті алуды барынша жеңілдетуді тапсырды. Сондай-ақ, отбасылардың табысын есептегенде басқа әлеуметтік жәрдемақыларды санау алынып тасталады.

Жақсыбек КЕМАЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу