Өрт сөндіруші: Қауіпті қызмет мардымсыз жалақы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өрт сөндіруші: Қауіпті қызмет мардымсыз жалақы

07.09.2022

Олар бейбіт күннің батырлары! Қостанай облысындағы алапат өрт құтқару және өрт сөндіру қызметкерлері жұмысының маңыздылығы мен қиындығын тағы бір рет көрсетті. Уақытпен санаспайтын, еңбегі ерен кәсіп иелерінің әлеуметтік жағдайы қандай? Айлығы шайлығына жете ме?

Аға сержант Әлібек Смағұловтың қауіпті қызмет сапында жүргеніне 5 жылдан асты. Жалақысы 145 мың. Елордада әйелі үш баласымен жалдамалы пәтерде тұрады.

Әлібек Смағұлов, №5 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкері:
Бес жыл стажым бар, шенге қосылады. Классность бар. Соның бәрімен 145 мың болады. Өзім осы үйде тұрам, екі жыл болды. Жалдап жатырмын пәтерді. Айына 120 мың теңге төлеймін.

Әлемдегі қауіпті 9 мамандықтың бірі – өрт сөндіру қызметі. Бұл жұмысқа негізінен денсаулығы мықты, 35-жасқа толмаған, өр рухты азаматтар қабылданады. Алайда, өз басын жиі қатерге тігетін өрт сөндірушілердің бүгінгі жағдайы мәз емес. Олардың әлі күнге дейін заңмен мәртебесі белгіленбеген. Үй кезегіне тұра алмайды. Әлеуметтік жәрдем тағайындалмаған.

Сұлтанғали Смаилов, ҚР ТЖМ Төтенше жағдайлар органдары Түркістан облысы филиалының төрағасы:
Бұл мәселе өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға тұрғын үймен қамтамасыз етсе деген өтінішіміз бар ардагерлер атынан. Себебі, жаңадан кірген қызметкердің жалақысы 110 мың теңге. Өздеріңіз білесіздер. Жұмысы қиын, қызығынан қиындығы ауыр, өте. Өрт сөндерушілердің әлеуметтік жағдайы шешілмегендіктен, бір ғана Нұр-Сұлтанда өз еркімен жұмыстан кететіндер азаймай тұр.

Назарали Селимов, қалалық ТЖД Өрт-сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің басшысы:
Өрт сөндіру қызметінде жылдың басынан бастап 77 қызметкер қызметтен босатылды. Оның ішінде өз еркімен 55 қызметкер жұмыстан кетті. Себептерін сұрайтын болсақ, жалақылары жетіспейді деп ең маңызды ең бірінші себеп, сол төмен жалақылар.

Қостанай облысындағы алапат өртті сөндіруге 2 мыңнан астам адам жұмылдырылды. Өңірге арнайы барып, ахуалды көзбен көрген Мемлекет басшысы өрт сөндірушілердің жағдайын көтеруге уәде берді. Сананы тұрмыс билеген уақытта, Президенттің пәрмені өрт сөндірушілерге үлкен үміт сыйлады. Қызметі қауіпті, жалақысы мардымсыз сала мамандары әлеуметтік жағдайымыз жақсарып, беделіміз артады деп сенеді.

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу