Шымкентте жазғы сурдлимпиадалық спорт ойындарының спартакиадасы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте жазғы сурдлимпиадалық спорт ойындарының спартакиадасы басталды

06.09.2022

Шымкент қаласында жазғы сурдлимпиадалық спорт ойындарының спартакиадасы басталды. Құлағы есітмейтін кәсіби спортшылардың сайысы, елімізде осымен үшінші рет жалауын көтерді. Жарыс қатысушылары бәсекеде спорттың 11 түрі бойынша күш сынасып жатыр.

Хайратхаан Шонку - биыл Бразилияда өткен сурдлимпиада ойындарының чемпионы. Мүмкіндігінің шектеулі болғанына қарамастан грек рим, еркін күреспен шұғылданып спортта биік белестерді бағындырып келеді.

Хайратхаан Шонку, Сурдлимпиада ойындарының чемпионы:

Біз спорт арқылы адам баласының қабілеті мен мүмкіндігі шексіз екенін дәлелдеп келеміз. Бұл тұрғыда мемлекет бізге үлкен қолдау көрсетуде. Осындай әрбір бәсеке біздің спорттық бабымызды шыңдап, әрі қарайғы жеңістерге құлшындыра түседі.

Бұл жолғы спартакиадаға Хайратхаан секілді мыңға тарта спортшы қатысуда. Олар таэквандо, дзюдо, еркін күрес пен грек рим күресі бойынша татамиде өзара белдеседі. Қол күресінде білектілерді анықтап, суда жүзу, жеңіл атлетика, үстел теннисі бойынша ептіліктерін сынға салмақ. Сондай-ақ бадминтон, дойбы мен футбол ойнап, жарысады. Спартакиада 5 күнге созылады.

Самат Ерғалиев, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі комитетінің төрағасы:

Сурлимпиада спортшыларымыз басқа спорт түрлерінен ешқандай шектеліп қалған жоқ. Мемлекет тарапынан барлық жағдайлар жасалған. Мемлекетіміз бойынша 10 мыңна астам спортшы осы спорт түрімен айналысады.

Биылғы Сурлимпиада ойындарында Қазақстан құрамасының спортшылары 28 медаль еншіледі. Оның үшеуі алтын, 7-еуі күміс. Осы әлемдік доданың жүлдегерлері қатарында шымкенттік спортшылар да бар. Еркін күрестен Рысалы Сабыржан күмістен алқа тақса, Пернеш Шадияр 5 орын алып, ел мерейін тасытты.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу