Павлодардағы бірнеше мектепте жөндеу жұмыстары әлі жүріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодардағы бірнеше мектепте жөндеу жұмыстары әлі жүріп жатыр

31.08.2022

Павлодар облысында бірнеше мектепте жөндеу жұмыстары әлі бітпеген. Бұған көңілі толмаған кейбір ата-аналар алғашқы қоңырау салтанатына балаларымызды апармаймыз-дейді. Ал, білім саласына жауапты мекеме басшылары екі ауылдық округте ғана балалар мәдениет үйінде оқиды- деп ресми мәлімет таратқан болатын.

Болат Аманбаев, тілші:
Мердігері аз, мұғалімі көп мектеп. Павлодар облысы, Успенка ауданы, Ольгина орта мектебін жөндеуге ұстаздар жұмылдырылған. Ғимараттың үш қабаты да дайын емес. Әкімшілік пен білім беру бөлімі басшылығы ертең 1 қыркүйекте мектепті ашамыз дейді.

Білім ошағының сырланбаған сырты мынау. Ішінде де аяқталмаған шаруа шаш етектен. Бірақ жұмысшы көрмедік.

Болат Аманбаев, тілші:
Міне көріп отырсыздар мердігер компания өкілдері жүр. Бар болғаны екі-ақ адам. Ал, оларға көмекке келген мұғалімдер қарасы анағұрлым көп. Осы азаматтардың барлығы осы мекемеде мұғалім болып жұмыс істейді екен.
Жарқынбек Пазыл, тарих пәнінің мұғалімі:
Жөндеу жұмыстары бітпей жатқандықтан, өзіміз парталарды тасып, қолқабыс етіп, мердігер компанияға көмектесіп жатырмыз. Енді ынғайсыздық тудырғанымен де осы алдағы уақытта бітеді деген, бітеді және қолданысқа беріледі деген ойдамыз.

Ольгина ғана емес, Белоусовка ауылындағы мектепте де күрделі жөндеу әлі аяқталмаған. Екеуінде бір мердігер. Бірақ жұмысты ұйымдастырып жүрген басшылығын таппадық. Бұл міндетті аудан әкімінің орынбасары мен білім бөлімінің басшысы өздеріне жүктеп алғандай көрінді.

Айнагүл Жиренова, Успенка аудандық білім бөлімінің басшысы:
Тапсырылуы 15 тамызда. Бірақ ешқандай құжат қойылған жоқ. Екі апта болды ұзартылды. Жұмыс ешқандай аяқталған жоқ. Қолданысқа берілу актісі болған жоқ. Сондықтан біз әрине оны сотқа береміз.

Аудан әкімінің орынбасары да, білім бөлімінің басшысы да бір түнде мектеп алғашқы оқу жылына дайын болады- дейді. Ал, тұрғындар болса созбалаңға салынған жөндеу жұмыстарының сапасына күмәнмен қарап отыр.

Күнболат Зауытұлы, ауыл тұрғыны:
1 қыркүйекте балаларды осы мектепке әкелмейміз. Өйткені мектепте қазір істелініп жатқандардың бәрі химиялық заттар.Бұған ешкім жауап бере алмайды. Бірдеме түсіп кетеді, уланып қалуы мүмкін. Бұны білім басқару болсын, аудан әкімі болсын қадағалаған жоқ. Бүкіл мұғалімдер жұмыс істеп отыр.

Биыл Республика бойынша мектептерді жөндеуге ең көп қаржы Павлодар облысына бөлінген. 9 млрд 200 млн теңге. 46 мектепте сәуір айынан бастап жөндеу жұмыстары басталды. Ресми мәлімет бойынша олардың екеуі ғана дайын емес. Бірақ олай болмай шықты. Успенка ғана емес, Ақсу қаласы және облыс орталығындағы кейбір мектептерде де жұмыс әлі жалғасып жатыр.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу