Дархан Сатыбалды Түркістан облысының әкімі болып тағайындалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дархан Сатыбалды Түркістан облысының әкімі болып тағайындалды

31.08.2022

Түркістан облысына әкім тағайындалды. Премьер-Министр Әлихан Смайылов аймақ атқамінерлері қатысқан жиында жаңа басшысыны таныстырды. Облысты енді Дархан Сатыбалды басқарады. Ол бұған дейін Шымкент қаласының әкімі, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымын атқарды. Сенат депутаты болып сайланған. Соңғы жылдары Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болды.

Ал облысты басқарған Өмірзақ Шөкеев 24 тамызда отставкаға өтініш берді. Президент тиісті жарлыққа қол қойып, ол Түркістан облысының әкімі қызметінен босатылды. Президент Өмірзақ Шөкеевке көп жылғы жұмысы үшін алғыс айтты.

Әлихан Смайылов Президенттің өңір басшылығы алдына азаматтардың әл-ауқатын арттыру, туризмді, агроөнеркәсіп кешені мен басқа да салаларды дамыту бойынша міндеттер қойғанын атап өтті. Түркістан облысын дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары аясында бірқатар маңызды жобаларды іске асыру көзделген. Жаңа өнім шығару, жолдарды жаңғырту, тұрақты жұмыс орындарын құру мен азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту жайы қаралған.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
Облыс экономикасын талдап, дамуға жылдам серпін беретін жобалар мен жолдарын анықтау керек. Ол үшін жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу керек. Бөлінген қаражатты мақсатты, тиімді игеріп, сапалы нәтижелерге қол жеткізу қажет. Өңір басшылығы осы және басқа да шараларға белсене кірісуі тиіс.

Сондай-ақ, бүгін Президент жарлығымен Ақтөбе облысына Ералы Тоғжанов әкім болып тағайындалды. Ол 2020 жылдан бері премьер-министрдің орынбасары болған. Мемлекет басшысының тағы бір жарлығымен аймақты осыған дейін басқарған Оңдасын Оразалин қызметінен босатылды.

Айнұр Ақбаева  

Хабарламаларға жазылу