Павлодар облысындағы екі ауылдың оқушылары сабақты мәдениет үйінде оқиды. Себебі білім ошақтары жаңа оқу жылына дайын емес. Биыл ел бойынша білім мекемелерін жөндеуге ең көп қаржы осы өңірге бөлінген. 9 млрд 200 млн теңге. 46 мектепте күрделі жөндеу басталған. Бірақ жұмыс мардымсыз. Әлеуметтік желіде ата-аналардан шағым көбейді. Есік-терезесі әлі салынбаған мектептердің суретінен көз сүрінеді. Аймақ әкімі білім ошақтарын аралау барысында бұған көз жеткізді.
№9 гимназия мектебіндегі 88 кабинеттің жартысы ғана оқу жылына дайын. Бір кабинетке екі сыныптан отырғызамыз, дейді мектеп директоры. Спорт залына жүргізіліп жатқан жөндеу толық аяқталмаған. Оқушылар күн суытқанға дейін дене шынықтыру сабағын стадионда өткізбек. Мердігерлер жөндеу жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін аяқтаймыз деп уәде берді. Алайда екі мектептегі жөндеудің әзір бітпейтін түрі бар.
Әбілқайыр Сқақов, Павлодар облысының әкімі:
Біреуі Голубовка ауылында, екіншісі Сарышығанақ ауылында. Осы екі мектепте құрылыс жұмыстары осы 1 қазанға дейін аяқталатын болады. Екеуі де мәдениет үйінде оқиды.