Оралдағы жанармай құю бекеттерінде дизель отыны тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралдағы жанармай құю бекеттерінде дизель отыны тапшы

25.08.2022

Өңірде сұйық отынның 3-4 күндік қоры ғана қалған. Ал жүргізушілер шетелдіктерге жағармайдың қымбат бағаға лимитсіз сатылып жатқанына наразы. Осыған ұқсас жағдай өзге де бірқатар өңірлерде қалыптасты.

Ардақ Мұратқызы:

Біз қазір Оралдағы жанармай құю бекеттерінің біріндеміз. Мұнда да дизель отыны тапшы. Бұған дейін 260 теңгеден 30 литрден беріліп келген. Ал бүгінде мұндай лимитпен де, талонмен де, тіпті картамен де беретін жанармай жоқ.

Шетелден келе жатқан жүк көліктері бұл бекетте де жанармайдың жоғын біліп, кері қайтты. Жүргізушілер жыл сайын осы уақытта болатын отын тапшылығы мәселесіне тосқауыл қашан болады дейді.

Айдос Әсетов, жүргізуші:

Жағармай жоқ, шекарадан келе жатырмыз, таба алмай жүрміз. 50 литрден береді тек, ал Ақтөбеге дейін 300 литр керек маған. Қазір мен қай жаққа баратынымды білмеймін. Бір күнде 500-600 литр солярка керек бізге.

Енді жүк көлігінің тізгіншілері жағдай түзелгенше, жолда түнеуге мәжбүр.

Ал мынау Балқаш қаласындағы жанармай құю бекеттерінің бірі. Мұнда жүргізушілер қазақстандық көліктерге дизельді отын тек 50 литрден берілсе, шетелдіктерге лимитсіз құйып алуға рұқсат етілгеніне наразы. Бағасы да қымбат. Осының кесірінен ұзынсонар кезек қалыптасқан. Ал әкімдік өкілдерінің айтуынша, облыс төңірегінде жанар-жағармай тапшылығы жоқ дейді.

Ал Жетісу облысында дизельден бөлек, АИ-95 маркалы бензиннің де тапшылығы сезіле бастады. Кейбір жанармай бекеттерінде жоғары октанды отын талонмен беріледі. Қоймаларда 1100 тоннадан аса дизель отынының қоры сақталған.

Тапшылықтың себебін шенеуніктер егін ору науқанына орай сұраныстың артуымен түсіндіреді. Өңір отынды Атырау облысынан тасымалдайды.Аймақта дизель отынының 3-4 күндік қоры қалған.

Миржан Нұртазиев, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

Дизель отыны қазір бізде 1500 тонна қалып отыр. Ол да 3-4 күнге жететін уақыты. Оған қоса тағы 500 тоннадай келе жатыр вагонмен, Атырау облысынан жеткізіледі. Сеттарь арқылы 1800 тонна өтінім беріп жатырмыз. Коммерциялық тұрғыда 10% тек республика бойынша қалаларға жеткізіліп жатыр. Ең бастысы, ауыл шаруашылығы науқанын тоқтатпас үшін сонда кетіп жатыр.

Жанармай тапшылығы тек Орал қаласында емес, Бөкей ордасы, Жәнібек аудандарында да туындап отыр. Айта кетейік, үш күн бұрын энергетика министрлігі дизель отынының өткізілуіне шектеу қойған болатын. Қазақстандық жүргізушілер жанармайды 260 теңгеден бір қолға 100 литрден артық ала алмайды. Ал шетелдіктерге шектеу жоқ.

Хабарламаларға жазылу