Маман тапшы: Балық шаруашылығын таңдайтын талапкер аз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маман тапшы: Балық шаруашылығын таңдайтын талапкер аз

23.08.2022

Егер биыл мектеп бітіруші түлек балық шаруашылығы мамандығын таңдағанда, міндетті түрде тегін оқуға түсер еді. Себебі грант саны артқанымен, оған түсуге құштар жастар аз. Қалай болғанда да балық шаруашылығына мамандар тапшы қазір. Осылай деген Алматы облысының шаруалары алаңдаушылық білдіріп отыр. Кадр мәселесі шешілмей, саланы дамыту мүмкін емес дейді.

Кәсіпкер Марлен Тұрсынәліұлы 10 жылдан бері балық өсірумен айналысады. Қарамағында 50 адам жұмыс істейді. Айтуынша, шаруашылығын кеңейтуге маман тапшылығы қол байлау. Ол жастарды жұмысқа аларда кәсіптің қыр-сырын өзі үйретуге мәжбүр.

Марлен Тұрсынәліұлы, Балық шаруашылығының жетекшісі:

Өздеріңізге белгілі 2030 жылға дейінгі Президенттің бағдарламасы бойынша балық өндірісін 300 мың тоннаға жеткізуді мақсат еткен. Президентіміз қойып отырған тапсырмаға жету үшін мамандар тапшы. Осы балық шаруашылығына көп мамандар келетін болса, көп студенттер оқитын болса балық шаруашылығы дұрыс дамиды деген ойдамын.

Балық комитетінің ақпаратынша, биыл сала мамандарын даярлауға мемлекеттік тапсырыс 27-ден 110 грантқа дейін өскен. Балық шаруашылығы мамандығы 6 жоғары оқу орны мен 7 колледжде оқытылады. Алайда, осы салаға қызығушылық танытып, құжат өткізген талапкерлер саны аз.

Жасқайыр Мұқанғалиұлы, Биология ғылымдарының кандидаты:

Грантқа Қазақстан бойынша балалардың тапсыру деңгейі төмен. Қазақстан бойынша бар болғаны бірінші болып сол мамандықты көрсеткен 8 ғана бала екен. Соның екеуі ғана біздің агроуниверситетке түсіп тұр.

Марлен Тұрсынәліұлының сөзінше, қазір бөлінген гранттың өзі дұрыс игерілмей жатыр. Жастардың бұл салаға келгісі жоқ. Себебі, жоғары оқу орны тарапынан оқушыларды, талапкерлерді осы салаға тарту жұмыстары дұрыс жүргізілмей келеді.

Марлен Тұрсынәліұлы, Балық шаруашылығының жетекшісі:

Маман таңдайтын кезде сол оқушыларға түсіндіріп, мұғалімдердің атынан видео роликтер жасалып, балық шаруашылығының пайдалы жақтарын көрсетіп, осындай табыс табуға болатынын көрсеткен жағдайда біздің жастар балық шаруашылғына көп көңіл аударар еді деп ойлаймын. 

Балық өсіру мен аулау саласында теориялық және практикалық білікті мамандарды дайындау уақыт күттірмейтін жұмыс. Сондықтан мәселе жүйелі шешілмей, балық шаруашылығын өркендету мүмкін емес дейді кәсіпкер.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу