Жасыл энергетика: Жел электр станциясының құрылысы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жасыл энергетика: Жел электр станциясының құрылысы басталды

22.08.2022

ERG компаниясы Ақтөбе облысындағы ең қуатты жел электр станциясының құрылысын бастады. Нысан Хромтау ауданы аумағынан бой көтермек. Қуаты 155 мегаватт станция кезең-кезеңімен 2023-2024-інші жылдары іске қосылуы тиіс. Жоба жүзеге асқаннан кейін атмосфераға тарайтын көмірқышқыл газының көлемі жылына 520 мың тоннаға дейін қысқарады.

Жаңа нысанға капсула қалау салтанатына облыс басшылығы мен ERG директорлары кеңесінің төрағасы мен мүшелері қатысты. Жоспарға сәйкес Хромтау қаласы маңындағы 150 гектар аумақта жел генераторының паркі бой көтереді.

Оңдасын Оразалин, Ақтөбе облысының әкімі:
Электр қуатының тапшылығын бәріміз де көріп отырмыз. Соған орай осы акционерлік қоғам қай кезде де алдыңғы қатарда келіп, жаңа технология енгізуде үлкен мекеме. Қазір де бәрімізге үлгі тұтарлықтай бастамасына кірісіп отыр.

Қуатты турбиналар жергілікті ауа райына бейімделген. Желдің жылдамдығы секундына 3 метр болса да, 25 метрге дейін үдесе де үздіксіз қуат алынады. Келешекте өндіріс ұлғайып, комбинаттың энергия тұтыну мөлшері де 80 мегаватқа дейін артуы мүмкін.

Александр Машкевич, ERG директорлары кеңесінің төрағасы:
Дөң кен байыту комбинатынан артылған электр энергиясы «Қазхромның» басқа кәсіпорындарына жеткізіледі. Ақтөбедегі ферроқорытпа зауытында жуырда тағы бір электр станциясы салынады. Ол зауыттан шыққан ферроқорытпа газынан қуат алатын болады. Бұл ерекше технология.

ERG алғашқы жел электр станциясының жобасына 110 млрд теңге инвестиция құйып отыр. Құрылыс кезеңінде бұл жерде 300-ге тарта адам жұмыс істейді. Ал, станция іске қосылғаннан кейін 30 тұрақты жұмыс орны ашылады. Хромтауға арнайы келген меймандар шахтерлар күніне арналған салтанатты шараға да қатысты. Үздік кеншілер арнайы марапаттарға ие болды.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу