Түркістан облысының Жеті қазына ауылындағы мектеп апатты деп танылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысының Жеті қазына ауылындағы мектеп апатты деп танылды

22.08.2022

Түркістан облысының Жеті қазына ауылындағы мектеп апатты деп танылды. Білім ұясы пайдалануға берілген бір жылдан кейін-ақ, қабырғалары жарыла бастапты. Іргетасы отырған соң екі жыл бұрын ғимараттың бір бөлігін жауып тастаған. Соған қарамастан аудандық білім бөлімі биыл да осы мектепке бала оқытамыз деп отыр. 

Әбілхан Қастеев атындағы орта мектебі 10 жыл бұрын салынған. Солай бола тұра 250 бала оқитын білім ұясында қабырғалар сөгіліп, еден ортасына түсіп кеткен. Мердігер мекеменің жұмысшылары жарықтарды құрылыста қолданылатын көбікпен бітеп әлек.

Қауіпті болған соң мектептің бір бөлігі жабылыпты. Балалар ғимараттың екінші жартысында ғана оқыған. Құрылыс компанияның өкілдерін жылда шақыртады екен.

Молдатілеу Санаев, мектеп жұмысшысы:
Фундамент жарты метрге отырды ғой. Мына жағы бар, мына жағы бар өзім ішінде жүрмін. Қорқатындай болып отырмын. Қабырғалар жарылып жатыр сөгіліп. Бір жерін жамасақ, екінші жері кетіп жатыр. Ол жерді жамасақ, басқа жағы кетеді. Кейбір бөлмелерге барсаңыз көп ашылып кеткен. 

Ауыл ақсақалы Нұрқозы Мәмбетов осы мектеп қалай салынғанын толық көрген. Айтуынша іргетасы да, қабырғасы да талапқа сай қаланбаған.

Бүгінде мектептің есіктері де жабылмайды. Жаңбыр жауса төбесінен су ағады. Соның салдарынан бөлмелердің қабырғалары көгеріп, кафельдер түсіп жатыр.

Нұрқозы Мәмбетов, Жеті қазына ауылының тұрғыны:
Котловандағы салған кезде де теміржолдағы шебень дейді ма, басқа дейді ма, нұқыл топырақ-сопырағымен осы котлованға төкті. Мына жерде фундамент жоқ астында. Мұны дәу-дәу холл ұқсатып істеген дағы, ортасынан жарты қыштан өріп шыға салған. Мына фундаментті құйып жатқанда да арасына обшым арматураны кем салды. Салған жеріне салды, салмаған жеріне қалды.

Биыл мектеп басшылығы техникалық сараптама жасатқан. Мамандар мектепті апатты деп танып, сүру керек деген қортынды беріпті. Соған қарамастан бұл жерде балалар биыл да білім алмақ.

Тұрсын Мырзалиев, Жетісай аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы:
2022 жылғы шілде айында алынған техникалық қортындыда бұл мектепті апатты жағдайда деп таныды. Жөндеу жұмыстарына өте көп қаржы кететінін және соған орай оны апатты деп тану туралы шешім қабылданған. Мердігер тарапынан қазір жөндеу жұмыстары аяқталған жағдайда мектепке біз оқытатын боламыз.

Осы мектептің құрылысын жүргізген мердігер компания биыл Мақтаарал мен Жетісай ауданында тағы жеті мемлекеттік нысан салып жатыр. Оның үшеуі – мектеп. Ал Жеті Қазына ауылындағы ата-аналар баласын апатты мектепке жіберуге үрейленіп отыр. Көрші ауылдарға барып оқыса да, қауіпсіз жерде білім алғандарын қалайды.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу