Апатты үйлер: Алматылық тұрғындар биліктен көмек сұрайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Апатты үйлер: Алматылық тұрғындар биліктен көмек сұрайды

18.08.2022

Алматыда 1 мыңнан астам ескі үй бар. Олардың кейбірінің салынғанына бір ғасырдан асқан. Осы үйлерде шыбын жанын шүберекке түйіп үреймен күн кешіп жатқан тұрғындар биліктен көмек сұрайды. Олар күндердің бір күні шатырымыз опырылып үйінді астында қаламыз ба деп қорқады.

Түрксіб ауданының тұрғыны Клавдия Эзау бұл үйге осыдан 40 жыл бұрын қоныстанған. Пәтер кілтін Қонаевтың өзі табыстап еді дейді. Айтуынша, ағаш пен қамыстан салынған баспана осы уақыт аралығында бірде-бір рет күрделі жөндеу көрмепті. Қазір бір жақа ауып, қисайып тұр.

Клавдия Эзау, тұрғын:
Үй құлауы мүмкін. Басымызға салмасын, бірақ үйінділердің астында қаламыз ба деп қорқамыз. Бұған дейін де шатырдың бір бөлігі опырылып түскен еді. Өзіміз жөндеп алдық.

Тұрғындар баспаналарын қалыпта ұстау үшін қолдан келгенін жасап бағуда. Дегенмен, күн сайын қабырғаның сыртқы сылақтары қопсып, жаңа жарықтар пайда болады екен. Тұрғын үй осыдан екі жыл бұрын ПИК құрамынан да шығып қалған. Қазір үйдің кіре берісінде жарық жоқ. Оған қоса шатыры да шұрық-тесікке айналған.

Алена Хотитовская, тұрғын:
Үй апатты жағдайда. Әкімдікке жылда хат жазамыз. Жауап жоқ. Жуырда аулаға жаңа асфальт төсеп, жиегіне бордюрлер жасап кетті. Бірақ, ешкім үйімізге назар аударған жоқ. Қайда барарымызды білмеймін.

Ауданында дәл осындай апатты жағдайдағы 13 үй бар. Оларды барар жері жоқ тұрғындар амалсыз паналап отыр. Барлығының арманы жаңа, қауіпсіз баспанаға көшу.

Төлебек Қалбаев, тұрғын:
Баяғыдан осы жерді босатып, мынадай жаңа үйлер салынады деген жоспар болған. Сол жоспармен келе жатыр. Бірақ, қалай боларына біздің сеніміміз аз.

Түрксіб аудандық әкімдігі қазір 62 пәтерлі 3 көпқабатты үйді бұзып, орнына 5 қабатты 7 баспананың құрылысы басталғанын жеткізді. Жыл соңына дейін 10-нан астам ескі үй сүріледі.

Наиль Лебаев, Түрксіб ауданы әкімінің орынбасары:

Қазіргі уақытта Сауранбаев-Спартак, Чернышевский-Ақынов көшелерінің бойында орналасқан 13 ескі екі қабатты үйді, жалпы 201 пәтерді бұзу жоспарланып отыр. Аталған учаскеде 856 пәтерлі 40 бес қабатты тұрғын үй салынады.

Бүгінде Алматыда 1300 ескі көпқабатты үй бар. Биыл олардың жартысына жуығы жөнделеді.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу