Маңғыстау облысының Басқұдық ауылының тұрғындары аммиактың иісіне уланып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау облысының Басқұдық ауылының тұрғындары аммиактың иісіне уланып жатыр

16.08.2022

Ақтауға іргелес орналасқан Басқұдық ауылының тұрғындары жылдар бойы аммиактың иісіне уланып жатыр. Олардың айтуынша, елдімекеннің жанындағы қоқыс төгетін арнаға зауыттар химиялық қалдықтар төгуде.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Қалдықтар арнасы – Мұнайлы ауданының аумағымен өтіп жатыр. Мына жағы Басқұдық, ал мына беті-Баянды және Маңғыстау ауылдары. Бұл каналмен Ақтаудың тазартылған кәріз суы Қошқар улы көліне құйылуда. Тұрғындар осы судан белгілі бір уақыттарда химиялық жағымсыз иіс шығатынына шағымданды.

Гүлсімай Боранбаева жағымсыз иістің әсіресе түнде және таң алдында шығатынын айтады. Сол кезде есік-терезені ашу мүмкін емес екен. Осылай иіске уланғандарына 10 жыл болыпты. Салдарынан отбасы мүшелері түрлі ауруларға шалдыққан.

Гүлсімай Боранбаева, Басқұдық ауылының тұрғыны:

Менің балам 12 жасар, «мама далаға шықпай-ақ қояйыншы» дейді. Неге десем денесі қышиды, мұрны бітіп қалады, түшкіреді, қолдары жара, экзема болып кетті қазір.

Жалғас Оңайбаев 5-6 жылдан бері осы мәселені зерттеп жүр. Айтуынша, каналға кәріз суыннан бөлек, пластикалық құбыр арқылы зиянды заттар төгілуде. Тұрғын құбырлардың түйіскен жерін бұдан 5 жыл бұрын анықтап, экологтарға тексерткен. Нәтижесінде судан және ауадан аммиак анықталды.

Жалғас Оңайбаев, Басқұдық ауылының тұрғыны:

Бұл құбыр деген «Казазат» болып шығады. Оны тіпті телеарнадан да көрсеткен. Осы пластикалық құбырда бізде әрдайым кешкі уақытта таңертеңгі уақытта қалдықтарын шығарумен айналысады. Бізге иіспен денсаулығымызға зиян келтіріп жатыр.

Ал каналдың иесі Дәмежан Қойылбекованың айтуынша, қалдықтар арнасы «Каспий-жылу, су арнасы» және «КазАзот» мекемелеріНЕ жалға берілген. Ал, судың құрамы соңғы рет көктемде тексеріліп, зиянды қоспа табылмапты.

Дәмежан Қойылбекова, Қалдықтар арнасының иесі:

Қаланың жаман суларын тазалап, ауаға лас емес қылып сол каналға қойып, канал арқылы Қошқар атаның бетін жабады. Және сол «Каз азот» өздерінің қажетсіз суды шығарады. Өйткені өндірісте пайдаланған суларын лақтырады керек емес суларын.

Экологтар жуырда тұрғындардың шағымынан соң аталған аумақтан түнгі мезгілде бірнеше рет сынама алған. Нәтижесінде күкірт, аммиак, нитрит сияқты адам ағзасына зиянды заттар анықталды.

Маңжан Ғалымов, Облыстық экология департаментінің бөлім басшысы:

Жаңағы пластик құбырдың қасынан алынған су сынамаларының құрамынан амони иондары және нетриттердің шектен асу фактісі анықталды. Сол жерде мониторинг кезінде «Маңғыстау ойл рефаник» және «Қазазот АҚ-ның» санитарлық қорғау аймағының ішінде аммиак және күкірт сутектің шектен асы фактісі анықталған болатын.

Осыған орай, енді экологтар аталған 2 кәсіпорынға жоспардан тыс тексеру жүргізбекші. Департамент маманының айтуынша, «КазАзот» мекесінің канал арқылы су төгуге рұқсаты жоқ. Алайда компания осыдан 2 жыл бұрын заңсыз су жібергені үшін әкімшілік жазаға тартылды. Құбыры алынып, 2 млн теңгедей айыппұл төледі. Сондай-ақ, қоршаған ортаға келтірген залалы үшін мемлекетке 14 млн теңгеге жуық шығын өтелді.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу