Елордада мектеп формасы мен оқуға керек-жарақ 30%-ға қымбаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада мектеп формасы мен оқуға керек-жарақ 30%-ға қымбаттады

10.08.2022

Асима Нұрбайқызы, тілші:

Қыр астында – қыркүйек. Ата-аналарда қазір қарбалас басталған. Бұл – елордадағы ең қолжетімді базарлардың бірі. Қасымда әріптесім мен қызы Айназым. Биыл 4-сыныпқа барады. Бір баланы мектепке дайындауға шамамен қанша қаражат кететінін бірге есептейміз. Міне, алдымен, мектеп формасын алды. Биыл киімге қойылатын талаптар өзгеріссіз. Өткен жылғы норма қалады. Яғни, оқушылар бұрын сатып алған кіиммен бара берсе болады. Бірақ, Айназымның бойы өскен. Сондықтан, жаңасын алу керек. Сонымен, бағасы 28 мыңға шықты. Енді, дене шынықтыруға спорт киімін таңдайық. Дүкендерде қазір мектепке қажеттінің бәрі бар. Түрлі-түсті үлгіде қаптап тұр. Сапасы мен бағасына қарай таңдай бересіз. Айназымның таңдауы қаншаға шықты?

Аяқ киімге де біраз қаржы кетеді. Көпшілік сапасына емес, алдымен бағасына қарап алып жатыр. Өйткені, нарықтағы ұсыныс арзан емес.

Асима Нұрбайқызы, тілші:

Енді сөмкесі мен қалам-дәптері қалды. Бізге, 4-сынып оқушысына қажет кеңсе тауарларын салып берсеңіз.

Райхан, сатушы:

20 мың теңге болды бәрі. 4 сыныпқа арналған. Одан жоғары болса, одан 30-35 мыңға шығады. Қазір бәрі қымбаттаған. Өйткені, Ресей қымбаттатып жіберді бәрін. Біздер қымбат алып жатырмыз, қымбат сату керекпіз. 40-50 пайызға баға өскен десек қателеспеймін. Бізде Ресейдің тауары көбісі. Қазақстан шығармаған соң амалсыздан сатамыз. Тек қарандаш шығуы мүмкін. Оның өзі сапа жағынан өте төмен. Оларды алмайды, менсінбейді.

Тауар қымбаттағанмен, ата-ана амалсыз алады. Өйткені, баласын сабаққа беру керек.

Динара Оразова, қала тұрғыны:

Бір балаға 90 мың шықты. Оған тағы қосымша киім аламын ауыстырып киемін. Алдыңғы жылмен салыстырғанда қымбаттау болып тұр. Алдыңғы жылы 70-80 мың болған. Бұл базар болғандықтан осындай деп ойлаймын. Қалада осыдан 2-3 есе қымбат.

Ал жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетіледі.

Асима Нұрбайқызы, тілші:

Сонымен, бір оқушыға орта есеппен 120-130 теңге керек. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 30 пайызға қымбаттаған. Өйткені, мектепке қажет тауарлардың 10 пайызға жетер-жетпесі ғана өзіміздікі. Қалғанының бәрі сырттан келеді. Ал жыл сайын мектеп формасына елімізде орта есеппен 35 млрд теңге жұмсалады екен. Демек, қыруар қаржы сыртқа кетіп жатыр.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу