Маңғыстауда баласын порталмен басқа өңірге емдеуге апарған аналар билет ақшасын қайтарып беруді талап етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстауда баласын порталмен басқа өңірге емдеуге апарған аналар билет ақшасын қайтарып беруді талап етті

09.08.2022

Раушан Азмағанбетованың баласына жыл басында «лейкоз» диагнозы қойылған. 3,5 жастағы ұлын емдету үшін бірнеше рет Алматыға апарыпты. Мамыр айындағы жол шығындарын денсаулық сақтау басқармасы қайтарып берген. Енді ол соңғы 4 сапарға кеткен шол шығын өтеп беруді талап етіп жүр.

Раушан Азмағанбетова, Ақтау қаласының тұрғыны:

Бізге көлікпен не пойызбен жүруге болмайды. Бізде Алматыда балалар ауруханасында қойылған диагноз бойынша выпискада тек қана авиаперелет транспорт қана тасымалдау керек деген шығарып беріп отыр.

Алтын Рзахожаева да 9 айлық науқас баласын портал арқылы Алматыға 2 рет емге апарған. Біріншісінде билетке 48 мың теңге төлеп, кейін сол ақшасын алған. Ал екінші рет билетке 125 мың теңге төлеген.

Алтын Рзахожаева, Ақтау қаласының тұрғыны:

Екінші рет тағы барып келдік жақында, бірақ оны бізге төлемей отыр. Билеттің бәрі несиемен алынған. Себебі, біз порталмен бермейміз, тек қана квотамен береміз дейді. Неге десем: «2019-да шықты одан бері оны білмедік. Жақында ғана білдік 2022-де дейді». 3 жыл бойы қайда қарап отырсыз десем, «білген жоқпыз» деп бізге жауап бермейді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, порталмен емге барғандардың жол ақысы ескі ереже бойыша төленген. 2020 жылы енгізілген өзгерістерге сәйкес, қазір төлем тоқтатылған. Енді жол қаржысы тек квотамен жоғары мамандандырылған медициналық көмекке барғандарға ғана төленеді екен.

Аманбек Жұмыров, Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы:

Заң жүзінде төлеп отырған құжатқа бізге өзгеріс енгізу керек болды. Себебі Кодекске сәйкестендіру керек. Оны біз сәуір айында өткіздік маслихат арқылы, маслихатта бекітілті. Порталмен баратын ауруларға ақы төлеу мүмкіншілігі жоқ бұл жерде. Заңға сәйкес болмағандықтан біз оны төлейміз деп айта алмаймыз.

Жыл басынан бері аймақта портал арқылы 663 науқас басқа өңірге барып ем алған. Олардың жол ақысына 52 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Ал жол шығынын өтеп беруді талап етіп жүргендер саны 100-ден асады. Олар алған билет құнының жалпы сомасы 9 миллион теңгеге жуық.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу