Оралда ойын алаңындағы аттракционға қолын қысып алған жеткіншек саусағынан айырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда ойын алаңындағы аттракционға қолын қысып алған жеткіншек саусағынан айырылды

04.08.2022

Оралда ойын алаңындағы аттракционға қолын қысып алған жеткіншек саусағынан айырылды. Бұл -осындай оқыс жағдайға ұшыраған екінші бала. Ал жуырда он бір жасар оқушының үстіне футбол қақпасы құлап, ауруханада көз жұмды. Жыл басынан бері 9400-дей бала үйде, көшеде, мектепте, сондай ақ жол-көлік оқиғасында жарақат алған. Бұл былтырғымен салыстырғанда, 3 мыңға көп. Ата-аналар ойын, спорт алаңдарының уақытылы жөнделмейтінін, кейбірі иесіз қалғанын айтады. Ал қала әкімдігі қайғылы жағдайлардан кейін спорт алаңдарын жыл бойына күтіп ұстау үшін конкурс жарияламақ.

Мирас Мүлкәй, Орал қаласы әкімінің орынбасары:

Қазір әкімдік тарапынан комиссия құрылды. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр. Келесі жұмада қорытындысын жариялаймыз. Адам өмірін ешкім қайтарып бермейді. Бізден жауапкершілікті ешкім шешіп жатқан жоқ.

Болат Әлібаев, травматолог- дәрігер:

Екі баланың саусағынан айырылған жарақаттар бойынша, олар облыстық балалар ауруханасына келіп, қаралып, көмек берілді. Содан кейін амбулаторлы түрде үйіне шығарылды, емхана деңгейінде қалған ем-домын жүргізу мақсатында.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу