Ақтаудың іргесіндегі Сайын Шапағатов ауылының халқы қаңғыбас иттерден зардап шегіп отыр. Айтуларынша төрт аяқтылар қой-ешкіні тамақтағанымен қоймай, адамдарға шабуыл жасай бастаған. Бұралқы иттерден әбден мезі болдық деген тұрғындар ауыл әкімдігінің алдына жиналды.
Бұл күні кеше болған оқиға. Асылтас Қуатбаеваның өрістен қайтқан малына көшедегі қаңғыбас иттер шабуыл жасап, 1 ешкісін тамақтап кеткен.
Асылтас Қуатбаева, ауыл тұрғыны:
Мен бір ешкім үшін қиналып тұрғаным жоқ. Талай ешкімді жеді. Міне, 3 ешкі қалып тұрғаны. Оның қасында адамды жеп кетіп жатыр. Көрші баламызды жеп кетіп отыр менің баламмен құрдас. Мектепке жарамсыз қылып тастады. Адамды жеп жатыр. Адамды жоғары қойыңыздар. Мына халықтың жан айқайын кім ойлайды. Итті жоқ қылу керек. Ит атпайды деген ол сұмдық.
Айнаш Шегербаеваның келініне де осыдан 1 айдай бұрын көшедегі қаңғыбас иттер шабуыл жасаған. Абырой болғанда, аяғы ауыр әйел әзер қашып құтылып, аман қалды.
Айнаш Шегербаева, ауыл тұрғыны:
3-4 ит талағанда кішкентай жас бала аяғы ауыр 6 айлық итке таланып, қарны жарылып жатса, кім маған оны қайтарып береді, кім қорғайды оны? Мына заңыңыз тіпті шикілей шығарған заң. Қайтадан көне өзіміздің заңымызды, көшеде қанғып жүрген иттерді азайтуын, атуын, көшіріп алып кетесіңдерма, айдалаға апарып қамап қоясыңдарма өз еркілерің. Бірақ, ауылымыздағы балаларымызды қорғайтын бізге шама беріңдер.
Ауылда 700-ден астам қаңғыбас ит бар. Қазір оларды аулап, атуға тыйым салынған. Төрт аяқтылар тек шағым түссе ғана ауланады. Оның үстіне елді-мекенде бұралқы иттерге салынатын арнайы дәрі де тапшы көрінеді.
Сайран Қылыш, Сайын Шапағатов ауылының әкімі:
Бір аптаның шамасында 30 шағым түсті. 30 шағым негізінде ит аулау жұмыстары жүріп жатыр. Жоспарда Түпқараған аудандық ветернарлық станциядан бізге дәрі дәрмек беріледі. Қазіргі таңда жоқ бітті дәрі. Қашан беріледі, соның негізінде.
Ауыл халқы қаңғыбас иттерді жаңа оқу жылы басталғанша жоюды талап етті. Себебі бұралқы иттер әсіресе таңертең және кешкісін мектепке барып-қайтатын оқушылардың өміріне қауіп төндіреді дейді олар.
Аягөз Оралбайқызы