Шымкенттік тұрғындар мемлекеттік гранттарды бизнес бастауға емес, той мен құдалық өткізіп, қыз ұзатуға жұмсаған. Тіпті арасында несиелерін жапқандары да бар. Бұл туралы қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова айтты. Оның сөзінше 1 млн 225 мың теңге көлеміндегі ақша бір кәсіпті ашып, бірнеше азаматтарды жұмыспен қамту үшін қарастырылған. Ал пысықай қала тұрғындары қомақты қаражатты оңды-солды жарата берген. Тіпті әр үш ай сайын есеп беріп тұру керек екенін де ұмытқан. Қазір мұндай азаматтардың ісімен құзырлы органдар айналысуда. Өткен жылдың өзінде қайтарымсыз гранттарды өз қажетіне жұмсаған азаматтар жауапқа тартылып, қаражат қайта қазынаға қайтарылған.
Балмаржан Нарбекова, Қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы:
Бұрынғы жылдары басқа бір мәселелер болған, қазір кредит пен жаңағыдай той жасау. Құзырлы органдармен бірге былтыр 23 азаматтың ақшасының барлығын мемлекетке қайтарды.
Айнұр Ақбаева