Абай облысында «Тұғыры биік Тарбағатай» атты спорт және өнер фестивалі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысында «Тұғыры биік Тарбағатай» атты спорт және өнер фестивалі өтті

01.08.2022

Абай облысының Ақсуат ауылында «Тұғыры биік Тарбағатай» атты спорт және өнер фестивалі өтті. Оның аясында қазақ күресінен Ырғызбай Досханаұлы атындағы әлемдік гран-при бәсекесі ұйымдастырылды. Екі күнге созылған шарада өнер сүйер қауым республикалық «Асыл домбыра» ақындар айтысының финалы мен қазақ қазанаттарының 140 шақырымдық бәйгесін тамашалады.

Ақсуатта «Қазақ күресінен әлемдік гран-при осымен сегізінші рет қолға алынды. Бұл жолы боз кілемде әлемнің 13 мемлекетінен келген 37 балуан белдесті. Ырғызбай Досханаұлы атындағы турнир – «Біріккен күрес әлемінің халықаралық белбеулі» күрес комитетінің күнтізбесіне енген, ауылда өтетін жалғыз жарыс. Содан да болар, сайысқа шет елдіктердің қызығушылығы ерекше.

Марк Энтони, балуан (ФИЛИППИН):

Қазақ күресімен айналысып жүргеніме 5 жыл болды. Осындай жарысқа екінші рет қатысып отырмын. Бұл біз үшін ерекше спорт түрі. Филиппинде 100-ден астам адам осы спортпен шұғылданады.

Әлемдік гран при бәсекесінде 90 келіден жоғары және 70 келі салмақ дәрежесі бойынша грузин палуандары Георгий Кавкарадзе мен Нико Шикаидзе жеңімпаз атанды. Ал 90 келі салмақ дәрежесі бойынша қазақ палуаны Әсет Ахметжанов үздік шықты.

Фестивальдің екінші күні «Асыл домбыра» ақындар айтысының финалдық бәсекесімен жалғасын тапты. 16 ақын сахнада шаппа-шап айтысып халықтың делебесін қоздырды. Республиканың ең танымал дүлдүлдерінің басын қосқан бәсекені туған алуында жыл сайын өнер жанашыры, меценат Дулат Тастекеев ұйымдастырып келеді.

Дулат Тастекеев, «Assyl dombyra 2022» ақындар айтысының ұйымдастырушысы:

Былтырдан бастап біз «Асыл домбыра» деген жобаны бастаған болатынбыз. Оған жылына елу шақты ақын қатысады. Сол жерде бірнеше мәрте іріктеу турлары болып, қазір Ақсуатқа біз финалына келіп отырмыз. Ақындарғ туған жер жайлы жырлап, туған еліміздің әрбір тасын, әрбір сайын өздерінің жырларына қосқан кезде, халықтың рухы көтеріледі.

Спорт және өнер фестивалі 140 шақырымдық ат бәйгемен жалғасты. Таң ата Көкпекті ауылынан бастап шапқан қазанаттар 7 сағат 12 минуттың ішінде мәреге жетті. Қазақтың төл жылқылары ғана шыдас беретін мұндай ерекше жарыс биыл үшінші мәрте өткізілді.

140 шақырымдық бәйгеде мәре сызығын бірінші болып Катон Қарағай ауданының «Тарпан» атты жүйрігі кесіп өтіп бас жүлдені иеленді. Ауылда мыңнан астам халықтың басын қосқан спорт және өнер фестивалі келер жылы да жалғады.

Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу