Отандасымыз Рустам Разиев Австралияда өзінің игі қадамдарымен әлемге таныла бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отандасымыз Рустам Разиев Австралияда өзінің игі қадамдарымен әлемге таныла бастады

29.07.2022

Қайырымды ісімен танылған қазақ. Австралияда тұратын отандасымыз Рустам Разиев бүгінде тек мұхиттың арғы жағында емес, өзінің игі қадамдарымен әлемге таныла бастады. 4 млн-ға жуық халқы бар Мельбурн шаһары оны өзінің туғанындай санайды. Себебі, қазақтың қарапайым баласы мұқтаж жандарға әрқашан қол ұшын беріп, қолдау көрсетіп келеді.

Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің. Қазақ баласы Рустам Разиев осылай супермаркеттерде мұқтаж жандарға, егде жастағы немесе көп балалы аналарға көмектеседі. Алған азық-түліктерін төлеп береді.

Жоқ-жітікке қарасады. Мұқтаждардың талған өзегіне талғажау табуға тырысады. Бәрі маңдай термен тапқан ақшасы. Мұндай игі амалдарды Рустам көбіне Рамазан айында жасағанды әдетке айналдырған.

Рустам Разиев, Мельбурн қаласының тұрғыны:

Мұндай іспен айналысқаныма 6 жылдай болып қалды. Басында видеоға түсірмейтінмін. Менің амалым көпке үлгі болса деймін. Адамдар бір-біріне мейірімді, қайырымды болса екен деп армандаймын. Басында 30, одан кейін 120 адамға дейін көмектестім. Кейбіреулері көздеріне жас алып, рахметтерін айтады. Олардың күлімдегені мен үшін үлкен сый. Биыл Рамазан айынан бері шамамен 5 мың доллар жұмсадым.

Рустам 30 жаста. 2006-жылға дейін Алматыда оқыған. Тұманды Альбионда тілдер курсын оқып, артынша Қазақстанға оралған. Оқуын төлеуге ата-анасының жағдайы болмапты. Бірнеше жыл такси жүргізген Рустам, 2011-жылы Австралияға аттанған. Содан бері осында білім ала жүріп, даяшы, кассир, ыдыс жуушы болып табыс тапқан. Қазір брокер-кеңесші.

Қазір Рустам туралы әлеуметтік желі мен британдық және австралиялық ақпарат құралдары жарыса жазып жатыр. Бәрі қазақ баласының қайырымды ісіне тәнті. Рустамның қазір әлеуметтік желіде 8 млн-ға жуық оқырманы бар.

Рустам Разиев, Мельбурн қаласының тұрғыны:

Өзіме ақша аз шығындаймын. Үстімдегі киімдер компаниянікі. Тегін. Тамағым бар. Пәтер жалдап тұрам. Басқа маған не керек? Бәріне шүкір деймін. Адам бақытты болса, жақсылық жасауға құштар болады. Ол үшін бай болу маңызды емес. Мен қарапайым отбасында дүниеге келдім. Сол үшін бақыттымын. Ата-анам жақсы тәрбие берді. Барлығы осының жемісі болса керек.

Мұқтаж жандарға қолдау көрсету – бала кездегі арманым, - дейді Рустам. Қаржыгер қазақ қазір біліктілігін арттырып жүр. Әлі де оқып, білім алуды жалғастыра бермек. Оның сыртында қоғамдық тамақтану саласында шағын кәсібін де бастады. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дегенді ұстанған Рустам «елге қайтуым да мүмкін» дегенді айтып қалды.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу