Судың тапшылығына қарамастан бау-бақша егіп, мол өнім алып отыр. Маңғыстау облысында диқаншылықты отбасылық кәсіпке айналдырған шаруа жергілікті тұрғындарды арзан жеміс-жидек, көкөніспен қамтамасыз етуде. Ала жаздай бел жазбай жұмыс істейтін еңбекқор диқан ауыл адамдарын да жұмыспен қамтып отыр.
Мұнайлы ауданының тұрғыны Талғат Сүлейменовтің егін шаруашылығы Баянды ауылы мен Қарақия аудандарының аумағында орналасқан. Жеміс ағаштары, жүзім мен қауын-қарбыз шамамен 40 гектар жерге егілген. Диқан шаруаның басы-қасында өзі жүреді. Себебі, көкөністерге күнделікті күтім қажет. Оның үстіне биыл тағы 5 гектар аумаққа жүзім екті. Ол үшін мемлекеттен көмек алған.
Талғат Сүлейменов, шаруа қожалығының иесі:
Осы тұрған жүзіміміз 4-жыл биыл, 2- жыл өнім алып жатырмыз. Өнімі жақсы болғандықтан, жақсы бергендіктен өзіміз осылай жүзімді үлкейтейік деп шештік. Содан СПК Каспийге барып көмек сұрадық.Олар біздің бизнес жоспарды көріп қолдады.
Былтыр 15 тонна жүзім, 500 тоннаға жуық қауын-қарбыз, 60 тоннадай қияр мен қызанақ, 1 тонна алма жиналған. Биылғы шығым одан да көп болады деген болжам бар. Үлкен шаруашылыққа диқаншының ұлдары қолқабыс етеді. Мирас пен Мерей жазғы демалыста әкеден тәлім алып, егіншілікті меңгерген. Сондай-ақ, мұнда тағы 15 адам нәпақасын тауып отыр.
Мерей Қалбай:
Біз жазда каникулда папамызға көмектесіп, осы жақта шөп жұлып жүрміз. Бұл біздің отбасылық кәсібіміз. Өскенде өзім осы егінге қарау үшін үйреніп жүрмін.
Шаруа судан тапшылық көрмеу үшін, тереңдігі 3 метрлік су қоймасын жасатқан. Тағы бір су қоймасын дайындамақ. Еңбекқор азамат осы хауыздарда балық өсіруді қолға алмақшы.
Талғат Сүлейменов, шаруа қожалығының иесі:
Сазан, сосын карп деген балықты саламыз бұйырса. Балықты да қосымша жүргізсек па дейміз. Балық жүрген суда тыңайтқыш мықты болады. Осындай жоспарларымыз бар. Биыл күзде бастаймыз деп отырмыз. Тағы да ағаштар ексек па дейміз. Осы жағалаудың бәрін көкпеңбек қылып ағашқа толтырсақ па дейміз.
Диқан аудан тұрғындары үшін демалатын орын жасауды жоспарлап жүр. Ол үшін алма бағын саябаққа айналдырмақшы.
Аягөз Оралбайқызы