ШҚО-да сақтардың темір өңдеген пештері табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да сақтардың темір өңдеген пештері табылды

26.07.2022

Сақтардың ірі металлургиялық орталықтарының бірі – Шығыстағы Ақбауыр даласында болуы әбден мүмкін. Бұл үш мың жылдық тарихы бар тарихи кешенді қазып, зерттеп жатқан археолог- ғалымдардың тұжырымы. Өңірде соңғы үш жылда жүргізілген зерттеу жұмысының нәтижесін тілшіміз-Олжас Керейхан да барып көріп қайтты.

Олжас Керейхан, тілші:

Ақбауыр кешенін археолог ғалымдар 2019 жылдан бері қазып, зерттеп келеді. Дәл қазір біз нөмірі бірніші қоныстың орнында тұрмыз. Бүгінге дейін бұл қоныстан 8-9 үйдің орны анықталды. Ғалымдардың айтуынша олар бір-біріне мүлде ұқсамайды. Ерте көне темір дәуірінде сақтар бұл жерде металлургиямен шұғылданған.

Оған дәлел осы қоныстан табылған ошақтың орны. Ошақта металды балқытқан соң, одан бұйымдар жасау үшін түрлі пішіндегі тастарды құрал-сайман ретінде қолданған. Ал табылған әрбір жәдігер бірден тізімге алынады. Қатталып-шотталады.

Әсия Қаражігітова, Ұлттық музейдің ғылыми қызметкері:

Бұл ескерткіштер ерте темір дәуіріне жатады. Қазір қолымдағы 40 - сектордан табылған қыш ыдыстардың сынықтары. Ас үйде қолданған. Оларды тапқаннан кейін қайдан табылғанын суретке түсіріп аламыз. Қай жерде, қандай биіктікте табылғанын, барлығын фиксация жасаймыз.

Археологтардың айтуынша, сақтар кен өндіру мен өңдеу технологиясын өте жоғары деңгейде меңгерген. Кенді тез балқыту үшін малдың тезегі мен сүйектерін пайдаланған. Бабаларымыз тек кен ғана емес, егіншілкпен де айналысқан деген болжам бар. Қазба жұмыстары кезінде түрлі пішінде диірмен мен келі-келсаптың тастары да шықты.

Бұған дейін тарихшылар сақтарды тек көшпенді деп келген. Археологиялық жұмыстардың нәтижесі олардың отырықшы ел екенін және металдың барлық түрін өңдеуді ерекше меңгергенін көрсетті.

Альбина Ержанова, археолог:

Тарихқа қосатын ең үлкен үлесі – ол қоныстың болғандығы.Сақтардың қонысының олардың жергілікті отырықшы болғаны. Олар көшпеді емес, яғни отырқшы болғанын дәлелдейді. Бұл үлкен тарихи жаңалық. Біз тарихымыздың тереңнен келе жатқан ерте темір дәуірінен біздің отырықшы екенімізді дәлелдесек, тарихымыздың отырықшылдығы анау қола дәуірінен басталып қазірге дейін кезеңде осы аймақта өмір сүргенімізді көрсетеміз.

Ақбауырда соңғы 4 жылда жалпы мыңдаған жәдігер табылды. Қазба жұмыстары әлі де жалғасады. Сондықтан тарихқа қатысты тағы да тың дүниелер ашылуы мүмкін. Қазір ғалымдар бұған дейін табылған артефактілерді зерттеп-зерделеп ғылми айналымға түсірмек. Ол үшін Бестерек аулында археологиялық музей салынып жатыр.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу