Президент: Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы тауар айналымы артады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент: Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы тауар айналымы артады

25.07.2022

Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы тауар айналымы артады. Кеше қос тарап 13 бірдей меморандумға қол қойды. Жалпы құны - 220 млн доллар. Агросала бойынша Сауд Арабиясының ғана емес, Таяу шығыстағы ең ірі компаниялардың бірі Алматы облысында ірі өндіріс орнын ашуға ниетті. Инвестиция көлемі - 200 млн доллар. Бұдан бөлек энергетика саласындағы әріптестік қос тараптың зор қызығушылығын тудыруда. "Аква Пауэр" компаниясы Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында гидро, күн және жел электр станцияларын салуды жоспарлап отыр. Инвестиция құны - 1 млрд доллардан асады. Бұл Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігіне зор ықпал етпек. Сауд Арабиясының ең ірі 50 компаниясының басшыларымен кездесу кезінде, президент Қасым-Жомарт Тоқаев инвестицияның қауіпсіздігіне мемлекет кепіл беретінін айтты. Сонымен қатар Қазақстанның араб түбегіне көптеген тауар түрін шығаруға әлеуеті бар екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз жүргізген талдауға сәйкес Қазақстан машина жасау, шойын және болат өндірісі, сондай-ақ тамақ өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы сияқты салалар бойынша құны шамамен жылына 400 миллион доллар болатын шикізат тауарларының 100-ден астам түрін ұсына алады.

Агро сала бойынша ықпалдастықтың мүмкіндігі мол. Қазақстан Араб түбегіне азық-түлік экспорттауға әзір. "Сапасы жоғары бидай мен нан өнімдерін тұрақты жеткізуші елдердің бірі болуға дайынбыз" деді Президент. Бүгінгі таңда Қазақстан мен Сауд Арабиясы жылына орта есеппен 9 млн долларға сауда жасайды. Бұл қос елдің экономикасы үшін көп емес. Алыс-берісті көбейтуге басты кедергі - жолдың алшақтығы.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Сауда және интеграция министрі:

Қазір біз біраз мәселелерді талқылап отырмыз. Оның ішінде тікелей авиарейстердің көлемін ұлғайту және де экономикалық коридорларды ашу. Жақында мемлекет Иранға барған сапарында Қазақстан-Түрікменстан-Иран деген оңтүстік-солтүстік экономикалық коридорларды ашуды талқыладық. Бүгін де осы Сауд Арабия әріптестерімізбен осы жолды талқылап отырмыз. Және де Каспий арқылы тарифтерімізді дұрыстасақ жол ашылады.


Хабарламаларға жазылу