Алматыда тұтынушы кооперативінің салымшылары шу шығарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда тұтынушы кооперативінің салымшылары шу шығарды

21.07.2022

Алматыда тұтынушы кооперативінің салымшылары шу шығарды. Пәтер мен көлік аламыз деп жиған-тергенін салған тұрғындар кооператив арадағы келісімшартты орындамағанын және кіріс жарналарын қайтармай отырғанын айтады.

 «R.O.I»-дың құрылысқа қатысы жоқ. Қарапайым кооператив елді үстемақысыз үй мен көлік аласыңдар деп қатарына тартқан. Ақша салғандардың басы баспаналы болған, кейінгілер күте-күте шаршаған соң қаржыларын қайтарып алуды ұйғарған.

Әйгерім Тұрымбетова, қала тұрғыны:

Әр келісімшарт бойынша белгілі бір сома бар. Соны жинақтап болғаннан кейін сіздер екі ай күту мерзімі бар, сіздерге үй беріледі деген. Соған біз қол қойғанбыз. Ол үй берілген жоқ, машинамыз да берілген жоқ.

Салымшылардың басым бөлігі салған ақшаларын қайтарған. Бірақ кіріс жарнасына төлеген 200, 300 мың теңге көлеміндегі қаржыларын әлі күнге дейін ала алмай отыр. Алматының өзінде мұндай жағдайға тап болғандардың саны 300 адамнан асып жығылады. Көпбалалы Айгүл Ахметова кооперативтен осыдан 4 ай бұрын шығып кеттім, десе де әлі күнге бір тиынымды қайтармады деп ашынады.

Айгүл Ахметова, қала тұрғыны:

Кірген жарнамызды да, былай бреген ақшамыз да қайтарсын. 1 млн теңгеден астам қаржы құйғанбыз. Ешкімен қарыз ақша сұрап жатқан жоқпыз, өзіміздің берген ақшаны сұрап жатырмыз. Бұлар бізді жынды қылды, әне береміз, міне береміз деп соза береді.

Миллиондаған қаржысынан қағылған жұрт ашу-ызамен компания ғимаратына дейін барып, Алматыдағы өкілімен бетпе-бет сөйлесті. Оның айтуынша көптеген тексерістер мен пандемияның кесірінен салымшылар келісім-шартта көрсетілген пәтерлер мен көліктерге қол жеткізе алмаған.

Оның үстіне былтыр кооператив келісім-шарт ережелеріне өзгерістер енгізген. Мәселен, үй немесе темір тұлпар алғыңыз келсе оның құнының 30 пайызын жинау қажет. Бұл туралы салымшылардың біразы бейхабар қалдық дейді. Бастапқы кіріс жарнасына келер болсақ, компания өкілі ол қайтарылмайды деп кесіп айтты.

Темірбек Аймұрзин, Кооперативтің Алматы қаласы бойынша ресми өкілі:

Төрт рет ескертіп жатырмыз. Кооперативке келген уақытта, келісімшартта бәрі көрсетілген. Білмей қалдым, қайтар деген болмайды. Қайтарылмайды заң бойынша

Бастапқы кіріс жарнасын қайтармақшы болып сотқа жүгенгендердің біршамасы істі жеңіп шыққан. Кооперативтің 17-мыңға жуық салымшысы бар көрінеді. Ал, үлестік жарнамызды қайтарсын деп талап қойғандарға қаржысы 90 жұмыс күннің ішінде қайтарылады деп уәде берді компания өкілі.

Нұрсұлтан Тілектес 

Хабарламаларға жазылу