Елімізде «Текті сөздің төресі – терме» республикалық байқауы өтпек. Шарт бойынша үміткерлер «Ұлытауда туған ұлы ойлар», «Тілден артық қасиет жоқ», «Мәңгілік ел - мәртебелі тіл», «Мемлекеттік тіл - менің тілім» атты тақырыптар аясында сөздерін өріп, оймақтай ойды білдіруі тиіс.
Байқауға әр облыстан және Астана, Алматы қалаларынан екі термешіден ғана қатыса алады. Яғни 32 жыршы қарашаның 6-да Астанада іріктеуден өтеді.
Қорытынды кеште қазылар алқасы жүзден жүйрік шыққан 10 орындаушыны марапаттайды. Жеңімпаздарға берілетін жүлделер де қомақты. Айталық, бас жүлдеге жеңіл автокөлік берілсе, бірінші орынға - миллион теңге, екінші орынға - 750 мың, үшінші орынға - 500 мың теңге қарастырылған.
Сондай-ақ, «Ең үздік орындаушы» және «Ең үздік мақам» номинациялары бойынша ынталандыру сыйлықтары бар.
Ләззат БЕКТАС