Миллиондаған британиялық отбасы азық-түлік бағасының күрт өсуіне байланысты ет, балық және құс етін жеуді шектеп отыр. Соңғы үш айда олардың саудасы өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда азайып кеткен. Л
Марина Бекенова, тілші:
Иә, сараптамалық компания деректеріне сәйкес сиыр етінің саудасы шамамен 17, шошқа етінің 11, қой етінің 24 және балықтың саудасы 12 пайызға төмендеген. Халық олардың орнына тауық сияқты қолжетімді тағам түрлерімен ауқаттануға мәжбүр. Ұлттық статистика басқармасының мәліметтері бойынша, Ұлыбританиядағы тұтыну бағаларының инфляциясы мамыр айында 9,1 пайыз болса, маусым айында 9,4 пайызға жеткен. Бұл Үлкен жетілікке мүше елдердің арасында инфляция деңгейі бойынша ең жоғары көрсеткіш. Үкімет тек аз қамтылған отбасыларға ғана көмектесіп келеді.
Риши Сунак, Ұлыбритания премьер-министрі қызметіне үміткер:
Үкімет бағаның өсуіне байланысты отбасыларға кейбір қиындықтарды жеңуге көмектесу үшін 37 миллиард стерлинг фунты көлемінде қаражат бөлді. Бірақ ол барлығына бірдей берілмейді, қоғамның ең осал топ өкілдері ғана 1 200 фунт шамасында қолдауға ие болады.
Англия Банкі инфляция деңгейі одан да жоғары болады деп отыр. Қазан айында энергия тасымалдаушылардың шекті бағасы артқанда ол 11 пайыздан асуы мүмкін дейді қаржыгерлер. Инфляцияның шарықтауына әсер етуші негізгі факторлардың бірі жанар-жағар май, мәселен, соңғы 12 айда бұрын-соңды болмаған 42,3 пайызға, ал азық-түлік бағасы 10 пайызға өскен. Бұған бірінші кезекте Украиндағы әскери қақтығыстардың күшеюі және көптеген елдердің ресейлік мұнайдан біртіндеп бас тартуы себеп.