«Super bol» жобасы: Ақтаулық Айзада «Биік Шымкент» кәсіби футбол командасына жолдама алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Super bol» жобасы: Ақтаулық Айзада «Биік Шымкент» кәсіби футбол командасына жолдама алды

20.07.2022

«Қазақстан» телерадиокорпорациясына қарасты Қазспорт арнасының «Super bol» жобасында финалға жеткен жалғыз қыз - Ақтаулық Айзада «Биік Шымкент» кәсіби футбол командасына жолдама алды. Енді ол елдегі ең беделді клубта бақ сынайды.

Айзада осы сәтте түсініксіз күй кешкенін айтады. Кіл үздік ер балалардың арасына жалғыз өзін шақырғанда, сенер-сенбесін білмей, жылап жіберген. Айзада Қартбай отбасындағы жалғыз қыз. Ол 2 ағасымен бірге кішкентайынан доп теуіп өскен. «Super bol» жобасына өзін сынау үшін барғанын айтады. Ақтауда өткен іріктеу кезеңіне 300 үміткер қатысты. Соның ішінен тек 11 ойыншы финалға жолдама алды.

Айзада Қартбай, Маңғыстау облыстық олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің ойыншысы:

Мен бала кезімнен футболды жақсы көремін. 1 жыл бойы кәсіби футболмен айналысамын. Супербол жобасы маған үлкен мүмкіндік берді, жол ашты. Биік Шымкент құрамасы мені алатын болса, мен футболдағы карьерам басталады. Шындап кірісемін.

15 жастағы жасөспірім «Мұнайшы» спорт кешеніндегі қыздар құрамасының ойыншысы. 4 қорғаушының бірі. Ол бұған дейін де басқа футболшыларға қарағанда, ойнау техникасымен және жылдамдығымен көзге түскен.

Назерке Қыдырбай, команда капитаны:

Көптеген ойыншылар осы алаңда 90 минут бойы шыдай бермейді. Төзімділіктері өте нашар. Ал, Айзада соңына дейін шыдауға қай жері ауырып тұрсын, бір нәрсе болсын аяғына неде болса Айзада соңына дейін шыдауға тырысады. Командаға соңына дейін көмектесе алады. Ең мықты, ең үздік ойыншылардың бірі.

Айзада Қартбай «Биік Шымкент» кәсіби футбол командасында бақ сынауға тамыз айында баруды жоспарлап отыр. Сол үшін дайындықты күшейткен.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу