Шымкент қаласының жаңадан әзірленіп жатқан бас жоспарына байланысты қоғамдық тыңдау аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкент қаласының жаңадан әзірленіп жатқан бас жоспарына байланысты қоғамдық тыңдау аяқталды

20.07.2022

Бір айға созылған қоғамдық тыңдауға 2 мыңнан астам адам қатысты. Олардың тарапынан бас жоспарға қатысты айтылған ұсыныстардың дені инфрақұрылымды жақсарту, шаһарды абаттандыру мен жол, саябақтар салуға қатысты. Сондай-ақ қоршаған ортаны қорғауға мән беру, мектеп пен аурухана, спорт алаңдары және мәдениет ошақтарын көбейту де көпшіліктің қалауы болып тұр. Енді жұмыс тобы осыларды жіті зерделеуге кіріседі.

Мақсұт Исақов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:

Екінші кезеңде түскен талаптарды саралаймыз, егер оларды қабылдайтын болсақ әр салаға жауапты мемлекеттік құзыретті органдар бар ғой солардан келісім алуға міндеттіміз.

Жаңа бас жоспарды әзірлеуге бір жылдан астам уақыт кетті. Мамандар шаһардың 117 мың гектар аумағына топографиялық түсірілім жасады. Заман талабына сай векторлы форматта жасалған сызбалар 10 мың еселенген масштабпен картаға енгізілді. Бас жоспарды әзірлеу барысында Шымкентке Киев, Минск, Санкт-Петербург қалаларынан білікті архитекторлар шақыртылды. Олардың да ұсыныстары ескерілді.

Ержан Оразханов, Шымкент қаласы сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

Қалыптасқан жердің бет-бедері солтүстікке қарай. Сондықтан негізгі құрылыстар, көп қабатты тұрғын үйлер негізінен солтүстік ары қарай батысқа бағыт алады.

Жұмыс тобына бас жоспарға енгізілетін өзгерістерді салалық құзырлы органдармен келісуіне тағы бір ай мерзім беріліп отыр. Құжат онан кейін мәслихат қарауына жіберіліп, жыл соңына қарай үкімет қаулысымен бекітілетін болады.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу