Шымкент қаласының 2035 жылға дейінгі дамуының бас жоспары әзірленді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкент қаласының 2035 жылға дейінгі дамуының бас жоспары әзірленді

28.06.2022

Шымкент қаласының 2035 жылға дейінгі дамуының бас жоспары әзірленді. Заман талабына сай векторлы форматта жасалған сызбалар бүгін шаһар жұртшылығына таныстырылып, алғашқы қоғамдық тыңдау өтті. 

Жаңа бас жоспарды әзірлеуге бір жылдан астам уақыт кетті. Мамандар шаһардың 117 мың гектар аумағына топографиялық түсірілім жасады.Ол 1:10 000 масштабпен картаға енгізді. Даму жоспарында сәулетшілер ең алдымен мегаполистің экологиялық ахуалын жақсартуға жете мән берген. Сонан кейін көлік қозғалысы, жолдарды кеңейту, оларды бірнеше деңгейлі етіп салу жоспарланды.

Ержан Оразханов, Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

Үш шеңбер жол: орталық, ортаншы және сыртқы шеңбер жол белгіленіп отыр. Сонан кейін солтүстіктен оңтүстікке, шығыстан батысқа қарай кесіп өтетін жолдар арқылы жеңіл рельсті трамвайлар қолданылатын болады. 

Бас жоспарды әзірлеу барысында Шымкентке Киев, Минск, Санкт-Петербург қалаларынан білікті архитекторлар шақыртылды, олардың да ұсыныстары ескерілді. Шаһар аумағы айналдырған оншақты жылдың ішінде 3 есеге ұлғайған. Қоғамдық тыңдау барысында көпшілік қала территориясын ұлғайта бергеннен гөрі ескі үйлердің орнына жаңасын салуды ұсынды.

Қанатбек Досалиев, қалалық мәслихат депутаты:

Қаланың өзінде компактный жерлер бар. Бұрынғы ескі үйлерді сонау 40-50 жылдары салынған. Солардың орнына жақсылап сәулеттік үйлер салу керек. Әлі де болса соны жасау керек. 

Тұрғындар мен мамандардың мұндай ұсыныс талаптары ескеріліп, олардың маңыздысы жоспарға енгізілмек. Әрбір тұрғынның бас жоспармен бір айдың ішінде танысып, егжей-тегжейлі зерделеп шығуына мүмкіндігі бар. Концептуалдық тұжырымдама негізінде әзірленген бас жоспар жыл соңына қарай үкімет қаулысымен бекітілетін болады. 

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу