Еуропада аптап ыстықтан мыңдаған адам көз жұмды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропада аптап ыстықтан мыңдаған адам көз жұмды

19.07.2022

Еуропада аптап ыстықтан мыңдаған адам көз жұмды. Дені Португалия мен Испания азаматтары. Қарт құрлық елдерінде бір аптадан бері термометр 40 градустан түспей тұр. Оңтүстік Еуропада тіпті 45-47 градусқа дейін жетті. Салдарынан Италия, Франция, Грекияда орман өрті өршіп тұр. «Аномалды ыстық ауа-райынан» құстар да қырылып жатыр. Тұрғындар теңізде, субұрқақтарда шомылып жан сақтауда. Биліктегілер халықты кондиционер қоспай, тоқты үнемдеуге шақырып жатыр.

Марлен Буйон, зейнеткер:

Өмірімде мұндай ыстық көрмедім. Жүрегім қысылған соң, дәрігер шақырдым, кондиционерді тоқтатпай қосып қойдым. Тоққа қырғын ақша төлеймін енді.

Джоэль Мотье, Париж қаласының тұрғыны:

Ауа жоқ. Сұмдық. Кеше әріптесімнің қысымы көтеріліп, ауруханаға әкетті. Қарттар түгілі біз сияқты жастарға да қиын боп тұр.

Ал Ұлыбританияда аптап ыстыққа байланысты төтенше жағдай жарияланды. Билік тұрғындардың денсаулығына алаңдап, алдын-ала жедел жәрдем көліктері мен медициналық қызметкерлерді халыққа шұғыл көмек көрсетуге дайындады. Шіліңгір ыстықта көлік қатынасы, денсаулық сақтау мекемелері мен мектептердің жұмыс тәртібі өзгеруі мүмкін. Бұған қоса, электр жарығы, су мен ұялы байланыс та үзілуі ықтимал. Лондон метросы қысқарған кестеге сай жұмыс істейді. Қалаға жақын жердегі Лутон әуежайында күннің шыжуынан ұшып-қону жолағында ақау пайда болған. Ауа-райы бюросы жоғары температура дені сау адамдар үшін де қауіпті екенін ескертіп отыр.

Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу