Үкімет жыл соңына дейін Отбасының цифрлық картасын іске қосып, әлеуметтік әмиянды енгізуі қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет жыл соңына дейін Отбасының цифрлық картасын іске қосып, әлеуметтік әмиянды енгізуі қажет

14.07.2022

Өзбекстаннан көшіп келген Алмагүл Қожабаева 4 баласына ешқандай жәрдемақы ала алмай отыр, себебі, құжаттары жоқ. Жолдасы құрылыста жұмыс істейді. Тапқаны тек ішіп-жемге кетеді. Аядай мына баспананы жалдап тұрып жатыр. Ендігі үміті - Мемлекет басшысы атап өткен әлеуметтік қолдауға ие болу.

Алмагүл Қожабаева, көпбалалы ана:
Президентіміз аз қамтылған отбасыларға көмектесеміз деп жатыр екен. Соған көмек берсе, балаларыма, өзіме. Тамақ болмай қалған кездер болды. Жолдасымның тапқаны жетпейді. Мектепке баратын кездері жақындап келе жатыр, киім- кешектері керек балалардың.

Алматыда аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға мемлекет тарапынан 2 түрлі көмек көрсетіледі. Бір реттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек. Қалада 26 мыңнан астам көпбалалы отбасы тұрады. Биыл атаулы әлеуметтік көмек үшін 4 млрд теңге қарастырылған. 4 200 отбасыға мемлекеттен жәрдем беріліп жатыр.

Кәмшат Қошқарбаева, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы:
Алматы қаласында аз қамтылған азаматтарды, оның ішінде көпбалалы отбасылар болсын, санатына қарамай, егер жан басына шаққандағы табысы күнкөріс деңгейінің екі есе мөлшерінен аспайтын жағдайда 20АЕК көрсетіледі әлеуметтік көмек. Барлық азаматтарды құжат тапсырған, өтініш жазғандарды қамтимыз.
Бұл ретте Президент Үкіметке әлеуметтік жәрдемді барынша атаулы ете отырып, оның белсенді форматына көшіру қажеттігін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Отбасының әлеуметтік картасы байыпты бағдарламаға айналып, іс жүзінде нәтижелі болуы тиіс. Жобаның алғашқы тұжырымдамасын әзірлеу кезінде бірнеше ведомствоның қатысуымен сан мәрте өзгерді. Әлеуметтік аз қамтылғандарға барынша қолдау көрсетуді қолға алу керек.
Осы мақсатта Үкіметке жыл соңына дейін Отбасының цифрлық картасын іске қосып, әлеуметтік әмиянды енгізу тапсырылды. Жоба жүзеге асса, көмекке мұқтаж Алмагүл секілді талай отбасы мемлекеттің қолдауына ие боламыз деп қуанып отыр.

Жазира Оразқызы

Хабарламаларға жазылу