Алматы облысындағы ауылда үйге түсетін ұры көбейген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысындағы ауылда үйге түсетін ұры көбейген

08.07.2022

Алматы облысы Көкөзек ауылының тұрғындары балалардың жазғы демалысы уайыммен өтіп жатқанын айтады. Себебі, елді мекенде үй ұрлығы көбейіп, қаскөйлер әбден басынды, дейді. Оған қоса көшеде қаптаған бұралқы иттер кесірінен көшеге шығу қауіпке айналған.

7 сыныпты аяқтаған Зере Қайратханқызы анасы қалаға кетіп, үйде жалғыз қалған күні үйге ұры түспек болған. Іште менің барымды білсе де, есікті бұзып ашуға тырысты, дейді. Сол оқиғадан кейін шошынып қалған.

Зере Қайратханқызы, оқушы:

Қараған кезде қара киінген, қап-қара маска тағып алған бір ағайды көрдім. Қатты қорықтым. Анам сыртымнан құлыптап кеткен. Ішінен тағы да құлыптадым да диванда отырдым. 10 минуттай есікті тақылдатып, тартып, сондай жағдай болды.

Ауыл тұрғындарының сөзінше, бұл мәселені аудан атқамінерлері жақсы біледі. Бірнеше мәрте шағым айтылса да, еш шара қолданбай отыр. Күндіз-түні үй күзетсек, көшедегі ойын балаларын ит қауып ала ма деп алаңдап отырамыз, дейді.

Ғалия Омарова, Көкөзек ауылының тұрғыны:

Көшедегі иттен балалар өту мүмкін емес. Қолыма кәдімгідей ұзын, жуан таяқ ұстап жүремін. Артыңнан бір қора ит жүгіріп, баламды шоршыитқан да кезі болды.

Серікбол Нұрқасым, Көкөзек ауылының тұрғыны:

Ең бірінші балалардың қауіпсіздігі, ұрлықтың тоқтағанын қалаймыз. Биліктің тарапынан бізге қарау керек. Учаскелік полиция керек. Патрульдеп жүретін адам керек. Аптасына екі-үш рет болсын келіп тұрса да кішкене адамдар сескенеді.

Ауыл әкімдігінің айтуынша, ит аулаушылар айына төрт рет келеді. Мәселені білеміз, алайда жұмысымыз нәтиже бермей жатыр, дейді.

Біржан Белғожаев, Елтай ауылдық округі әкімінің орынбасары:

Күндіз келген кездері иттер көбінесе шықпайды. Таң атқанда болмаса кешке қарай жүреді. Ит ұстаушылар келгенде ит болмайды.

Тоғыз елдімекенге ортақ бір ғана учаскелік пункт жұмыс істейді. Құзырлы орган қызметкерлерінің айтуынша, үй ұрлығы бойынша соңғы бір айда төрт арыз түскен. Ұрлыққа қатысы бар деген күдікпен екі адам ұсталған. Алайда тұрғындардың бұған сенгісі жоқ.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу