Қаңтар оқиғасы: Ақтөбе әуежайын басып алмақ болғандар сотталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаңтар оқиғасы: Ақтөбе әуежайын басып алмақ болғандар сотталды

07.07.2022

Ақтөбеде Қаңтар оқиғасы кезінде әуежайды басып алмақ болғандарға қатысты үкім шықты. Сот алдында үш адам жауап берді.

Олар 2022 жылдың 5 қаңтар күні шеруге шыққандарды қолдау мақсатында әуежайға келген. Мекеме басшылығын қорқытып, келушілердің кіріп-шығуына кедергі келтірген. Сондай-ақ, ғимаратты бүлдірген және әуе рейстерін тоқтатуды бұйырған. Соның салдарынан Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайға 1 миллион 672 мың теңге шығын келді. Сотталушылар бұл шығынды толығымен өтеді.

Гүлжанар Отарбаева, Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы:

Ақтөбе қаласы әуежайына шабуыл жасады және оны басып алды деген айыппен Жұмабек, Шаккузов және Қосыбаевқа қатысты қылмыстық іс қаралды. Сот үкімімен Жұмабек, Шаккузов және Қосыбаев кінәлі деп танылып, әрқайсысына 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Сондай-ақ, Қаңтар оқиғасы кезінде Талдықорғанда Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін құлатты деп айыпталған адамға сот үкімі шықты. 38 жастағы Азамат Батырбаев төрт жарым жылға бас бостандығынан шектеу жазасын арқалады. Ол полицейлерден зәбір көргенін айтып шағымданған. Әлеуметтік желіде фотосурет те тарады. Бұл іске қатысты тергеу жүріп жатыр.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу