Павлодарда екі жыл бұрын ғана салынған көпқабатты үйден ақау шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда екі жыл бұрын ғана салынған көпқабатты үйден ақау шықты

05.07.2022

Павлодарда екі жыл бұрын ғана салынған көпқабатты үйден ақау шықты. Өткен қыстан қысылып-қымтырылып әзер шығып, пәтерлерін биыл қайта жөндеуге мәжбүр болған тұрғындар Ұлттық арнаға шағымданды. Себебі, үй дәл осы қалпында қалса, жағдай ушығып кетуі мүмкін деп қауіптенеді. Тіпті баспанамыз келер жылы адам тұруға жарамайтындай күйге түсеме деп алаңдайды.

Бұл үйдің төбесі. Кірпіші кетіліп, әр жерден тесіліп қалған. Қыста қар, жазда жел мен жаңбыр кіреді. Сәуле Нұриманова 1-ші топтағы мүгедек. Пәтер кезегінде 15 жыл тұрған.

Сәуле Нұриманова, қала тұрғыны:

Осы пәтерге кіргеннен соң 1 ай өткенде сантехника түгелдей жарамсыз болып қалды. Ауыстырдық. Кейін қабырға сөгіліп, терезеден жел үрлейтін болды. Еден сып-суық. Қабырға қаптамалары әлдеқашан түсіп қалған.

9 қабатты 108 пәтерлік бұл үй мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға берілген болатын. Құрылысқа 1 млрд. теңгеден астам бюджет қаржысы жұмсалды.

Ботагөз Түкенова, қала тұрғыны:

Жауын болғанда біздің үйде жауын болады. Осы жерде 70 пайызы тұрғындардың мүгедектер, жалғыз тұрған әйелдер балаларымен. Ешкім қарамайды, ешкімге біздің проблемамыз керек емес.

Әкімшілік мәселені жақсы білетін болып шықты. Ақау шыққан жерлерді әктеп, қайта қалпына келтіру үшін мердігерге бердік. Ол өз қаражатына жөндейді, деп отыр.

Асқар Әжмұрат, Қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

Мердігер жұмысқа кірісті. Барлық қандай кемшіліктер бар, оның бәрі жойылады. Оның бәрін қалпына келтіреміз. Және 1ші-ден төбесін жасаймыз. 2 ші-ден мына бұзылған пәтерлердің ішкі әрлеу жұмыстары мердігер өзінің шарт бойынша кепілдігі бар, сол кепілдік арқылы бәрін жасап береді.

Шаһардағы құрылыс бөлімінің өкілдері бұл үйді енді ерекше бақылауға алғанын айтады. Мақсат үйдің кепілдік мерзімі біткенге дейін мердігерге барлық ақауды жөндеттіріп алу. Ал тұрғындардың барлық ақау реттеліп, алдағы қыста жылы үйде отырамыз ба деп үміттенуден басқа амалы болмай тұр.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу