Елімізде азаматтарды тұрғын үймен қамтудың жаңа тетіктері әзірленді. Оның аясында арендалық төлемдерді субсидиялау мен ауылдық жерлерде баспана салу бойынша қолдау шаралары ескерілген. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды. Қазір әріптесім Дарын Сағитов бізбен тікелей байланыста. Дарын, баспанаға мұқтаж азаматтарды есепке алуға қатысты қандай тың ақпаратыңыз бар?
Дарын Сағитов, тілші:
Үкімет отырысында биыл елімізде 15 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілетіндігі айтылды. Аймақтарда бұл жұмыстардың нәтижесі жақсы. Бірақ, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында бұл көрсеткіш төмен. Тұрғын үймен қамтудың жаңа тетіктеріне сәйкес, «Отбасы банкінің» базасында «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығын» құру жоспарланып отыр. Мұнда баспанаға мұқтаж азаматтардың орталықтандырылған есебі жасалады. Жаңашылдық тұрғын үй алу рәсімін жеңілдетуге және баспананы әділ бөлуге мүмкіндік бермек. Биыл 70 мың азаматқа үйді жалға алу үшін субсидия беру және ауылда 3 мыңға жуық адамды жаңа баспанамен қамтамасыз ету жоспарланған. Сонымен қатар, «7-20-25» бағдарламасының орнына жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылмақ.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша тұрғын үй саясатының жаңа тәсілдерін әзірледік. Ол бірінші кезекте азаматтардың тұрғын үйдің қолжетімді болуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ олардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталып отыр. Енді баспана кезегінде тұрғандар үшін тұрғын үйді бөлу «бір терезе» қағидаты бойынша бір орталықтан ашық түрде жүргізілетін болады.
Жиында мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту шаралары да пысықталды. Бастысы – қазір мүгедектік туралы анықтама беру талаптары жеңілдеді. Мұндай азаматтарға ұсынылатын қызметтер мен техникалық құралдар арнайы Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы ұсынылады. Биылдың өзінде портал арқылы 214 мың қызмет көрсетілген. Құрал-жабдықтар мен қызметтерді әркім өзі таңдай алады. Қазір елімізде 700 мыңға жуық мүгедектігі бар адам бар. Олардың 60 пайызы – еңбек жасындағы азаматтар.
Дарын Сағитов