Түркістанда жұмысшылар 4 айдан бері айлық алмаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанда жұмысшылар 4 айдан бері айлық алмаған

30.06.2022

Бүгін Түркістандағы мыңға жуық қызметкері бар ең ірі компанияның жұмысшылары жалақыларын талап етіп, наразылыққа шықты. Олар соңғы төрт айдан бері еңбекақыларын алмай, қарызға белшеден батқан. Күнкөріссіз қалдық деп шырылдағандар компания басшылығына жалақы төленбесе, жұмысқа шықпайтындарын жеткізді. Әрі бұл іске құзырлы органдар мен жергілікті әкімдіктің араласып, оң шешілуіне ықпал етуді сұрады.

Түркістандағы ең ірі серіктестіктің құрамында он екі кәсіпорын бар. Олар тас, асфальт, темір бетон, кірпіш шығаратын зауыттар мен наубайхана және аграрлық секторда жұмыс істейді. Бірақ соңғы 4 айдан бері мұндағы жұмысшылар жалақы ала алмай, жағдайымыз тығырыққа тірелді дейді. Төзімі таусылғандар бүгін зауыт аумағына жиналып, еңбекақысын талап етті.

Баян Рүстемова, жұмысшы:

Айлығымызды көтерсін, обьемды өсірсін. Айлықты уақытылы берсін. Бүгін айдың 30-ы соңғы күн. 4-ші ай болды, наурыздан бері айлық алған жоқпыз. Бәріміздің мойнымызда несиеміз бар. Қарызға баттық төрт айдан бері.

Атқам Әбдірайымов, Компанияның өндірістік техникалық бөлімінің басшысы:

Бұл бірінші рет емес, екінші рет жиналып жатырмыз. Бірінші рет жұмыстың алдында жиналғанда 20 күннің ішінде шешіп береміз деп айтқан. Бірақ осы күнге дейін шешілген жоқ. Сол үшін бүгін жұмысшылар техниканың бәрін осында алып келіп, осы жерге қойып, айлық бергенше жұмыс істемейміз деп отыр.

Жиналған топтың алдына шыққан компания басшысы бұл мәселенің туындауына атқарылған жұмыстарға ақша төленбей жатқаны себеп дейді. Яғни тиісті тапсырыс алып, орындағанымен кәсіпорын тиесілі қаржыны әлі күнге ала алмаған. Қазір қызметкерлерге берешегі 400 млн теңгеден асқан.

Сабыр Атаев, компания басшысы:

Ақша төлейтін ақшам жоқ. На гране банкротство отырмыз. Не қылуым керек айтыңдаршы маған. Әкімшілікті ана жұмыс істедік, мына жұмыс істедік. Әкім төлемей жатыр. Әкімшілік жағынан қазір 1млр 400 мың ақшамыз бар. Ала алмағаннан кейін мен не істеуім керек?

Жұмысшылар шулап жатқанын естіп зауытқа қала билігі мен құзырлы орган өкілдері де келді. Олардың сөзінше төрт айдан бері жалақы мәселесін ешкім көтермеген. Егер компания басшылығы пролбеманы ертерек жеткізгенде «жағдайды бұлай ушықтырмай, дер кезінде шешер едік», - дейді.

Жандос Тасов, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары:

Түркістан қаласы бойынша, жол бойынша біраз қарыздар бар. Ол жөнінде сұрақтар бар. Егер әкімшіліктің қатысы бар подрядный организациялар болатын болса, қазір мынау Сабыр ағамызбен сөйлестік. Барлығын шақырамыз, барлығын жинап, дөңгелек үстелдің басында олардың бәрін қазыр анықтаймыз. Кім не қарыз, қайсыған қарыз.

Мәселе шешімін таппаса да, өңірдің еңбек инспекциясы тексеруді бастап кетті. Бүгін жүргізілген тексеру нәтижесінде компанияның 753 адамға қарыз екені анықталған. Ол бойынша инспекция тарапынан қарыз төленсін деген нұсқама берілді. Серіктестік басшылығына жалақыны уақтылы төлемегені үшін әкімшілік шара қабылданды. Ал, келер аптаға дейін төлемесе, еңбекақы сот арқылы өндіріледі. Ал жиналғандар болса, басшылық айлығымызды төлемейінше жұмысқа шықпаймыз деп бекініп отыр.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу