Қазмұнайгаз акциялары халыққа қолжетімді болмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазмұнайгаз акциялары халыққа қолжетімді болмақ

29.06.2022

Енді Қазмұнайгаз акциялары қарапайым халыққа қолжетімді болмақ.

Бұдан бөлек, бастапқы капитал 250 млн доллар болатын инвестициялық қор құрылды. Мұндай келісім Қазақстан мен Америкалық компания арасында жасалды. Ал криптавалютаны енді кәдімгі теңгеге ауыстыруға мүмкіндік бар. 

Халықаралық форумның үшінші күні. 13 елден инвесторлар, брокерлер, халықаралық банк, түрлі сала өкілдері қатысты. Әуелгі мақсат – елге инвесторларды тарту. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында мүмкіндіктер көп. Премьер-министр оларға мейлінше жағдай жасалатынын айтып, Қазақстанға инвестиция салуға шақырды.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

Тәуелсіздік жылдары елімізге 390 доллар млрд тікелей шетелдік инвестиция тартылды, оның басым бөлігі соңғы 10 жылда салынған. Бұл ел экономикасын әртараптандыру белсенді жүріп жатқанын көрсетеді. Энергетикадағы және ауыл шаруашылығындағы мүмкіндіктерімізді көбірек зерделеуіміз қажет. Қазіргі уақытта Қазақстанда жеңілдетілген инвестициялық режим көзделген 13 арнайы экономикалық және 36 индустриялық аймақ бар. Біз Қазақстанға келетін инвесторларға қолайлы жағдай жасап, кешенді қолдау көрсетуге әзірміз.

Тақырып сан алуан. Тараптар экономиканы жақсартудың тетіктерін талқыға салды. Қаржылық мүмкіндік пен цифрлық теңсіздік мәселесі де сөз болды. Ұсыныстар айтылды. Басты келісім- құны 250 млн доллар болатын қор құрылды. Енді елдегі мұнай өндірмейтін салаларға инвестиция құйылады

Қайрат Келімбетов, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы:

Бірнеше бастама айтты. Сол бастаманың ішінде осы инвестициялық қорды құру 250 млн доллар негізгі инвестициялырды тартады.

КРИПТАВАЛЮТАНЫ ТЕҢГЕГЕ АУЫСТЫРУҒА БОЛАДЫ

Енді криптавалютаны өзіміздің төл теңгеге алмастыруға болады. Криптабиржалар мен Қазақстан банктері бірігіп пилоттық жобаны іске қосты. Бірақ қомақты қаржыны бірден ауыстыру мүмкін емес, әр клиентке шамамен 1000 долларға дейінгі шектеу бар.

КОМПАНИЯ АКЦИЯЛАРЫ ХАЛЫҚҚА ҚОЛЖЕТІМДІ БОЛАДЫ

Ал Қазмұнайгаз акциялары IPO арқылы сатылады. Демек, қарапайым халықтың да акционер болуға мүмкіндігі туады. Акцияны қолдағы смартфон арқылы алуға болады. Алыс-шалғай ауылдағылар почта арқылы өтініш бере алады.

Ренат Бектұров, «Astana International Exchange» басқармасының төрағасы:

Қазақстандықтар үшін жасалған IPO болады. Сол үшін біз өзіміздің табыс қосмышамыздың ішінде тікелей сатып алу мүмкіншілігін аштық. 04:25 телефон, өзіңіздің құжатыңыз, интернет , банк картасы болса жеткілікті. Осы арқылы ІPOға қатысу мүмкіндігі болады деп сенеміз. Сатып алып, өз қаражатына инвестиция жасай алады.

КӘСІПКЕРЛЕР ТЕГІН БІЛІМ АЛАДЫ

Қазір акцияларды саудалаудың тетіктері қарастырылып жатыр. Қаржы орталығы шариғат талаптарына сай келетін исламдық акция түрін де ұсынып отыр. Бір сөзбен айтсақ, бұл -Депозиттің баламасы. Форум аясында адами капиталды дамыту мәселесі назардан тыс қалмады. Келісім нәтижесінде, АҚШ компаниясы 30 мың доллар қаражат бөліп, 100-ге жуық кәсіпкер тегін білім алатын болды.

Раушан Сайлауқызы, Жасұлан Жақсай, ҚҰТ

Хабарламаларға жазылу