Арқалық қаласының қақ ортасындағы 3 қабатты мәдениет сарайы 12 жылдан бері қаңырап тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арқалық қаласының қақ ортасындағы 3 қабатты мәдениет сарайы 12 жылдан бері қаңырап тұр

28.06.2022

Арқалық қаласының қақ ортасындағы үш қабатты үлкен мәдениет сарайы 12 жылдан бері қаңырап тұр. 2010-шы жылы апатты деп жабылған нысанды жөндеуге бірнеше рет жоба жасалғанымен қаржы бөлінбеген. Соның кесірінен мәдени ұжымдар мен үйірмелер талапқа сай келмейтін орындарды жағалап жүр. Ал көлемі 7 мың шаршы метр болатын ғимараттың қашан жөнделері әлі беймәлім.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Кезінде Арқалықтағы ең үлкен мәдени ошақ болған жер осы. Міне, мына жерде 540 орындық үлкен зал, ал мына жақта 192 орындық кіші зал болған. Ал мына жерде кезінде кітапхана орналасқан. Оның қазіргі күйі осындай.

Арқалықтағы кеншілер сарайы деп аталған бұл нысан 1973-ші жылы пайдалануға берілген. Үш бірдей көрермен залы, би алаңы, спортзалы, кітапханасы бар ғимаратта тіршілік қайнап жататын. Алайда арада қырық жылға жуық уақыт өткен соң күтім болмай, тозып, ақыры жұмысын тоқтатып тынды.

Алмагүл Жұмабаева, Мәдениет сарайының директоры:

Күрделі жөндеу жүргіземіз деген жоспармен жабылған. Үш рет ЖСҚ жасалды. 2010-шы жылы, 2017-шы жылы. Енді 2021 жылы жасалған еді. Қазір соның мемлекеттік сараптаманың нәтижесін күтіп отырмыз.

Яғни бұған дейінгі жобалар уақытында қаржы бөлінбегендіктен жүзеге аспай қалыпты. Бүгінде қаладағы 36 өнер ұжымы мен мыңнан аса баланы қамтитын үйірмелер әр босағаны сағалап жүр. Олар талапқа сай емес. Спорт нысандары да тапшы.

Жанат Қосылбаева, Мәдениет және спорт бөлімінің басшысы:

Бұл ғимараттың ерекшелігі үлкен спорт залы бар. Оған кіретін есік бөлек, өзен жаққа бетте тұр. Сол жақтан шығып, қысқы спортпен айналысуға да мүмкіндік бар. Бұл ғимарат тек мәдени саланың ғана емес, спорттың да жандануына үлкен серпін берер еді.

Мәдениет үйін жөндеуге қажет қаржы 991 млн теңге. Бұл облыс бюджетінің өзіне көтере алмас жүк болып тұр. Мысалы былтыр аймақта үш мәдени нысанды жөндеуге 800 млн теңге ғана бөлінген.

Ерлан Қалмақов, Облыстық мәдениет басқармасының басшысы:

Осы үлкен ғимараттың жөнделуі қаланың өміріне серпін берері сөзсіз. Сараптаманың оң шешімін алған соң біз бюджеттік өтінім береміз. Мүмкіндігінше республикадан сұраймыз. Себебі бұл өте үлкен жоба болғалы тұр.

Жалғыз мәдениет сарайы ғана емес, Арқалықта күрмеулі мәселе әлі де шаш-етектен. Мысалы көпқабатты тұрғынүйлер мен қаланың жалпы инфрқұрлымының 80-90 пайызы тозған. Бұл проблеманың бәрін Үкіметтің қолдауынсыз шешу мүмкін емес.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу