Теріскейдің туристік әлеуеті артпақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теріскейдің туристік әлеуеті артпақ

25.06.2022

Ішкі туризмді дамыту – сала мамандарының алдында тұрған басты міндет. Соңғы кездері әсіресе сотүстік өңірлердің туристік әлеуетін дамыту шаралары қолға алынып отыр. Мәселен, Ерейментауда 19 киелі орын бар. Бұл аймақты балбал тастар мекені деп те атайды. «Бабадан қалған белгі» экскурсиясы аясында Мәдениет және спорт министрлігінің Геральдикалық зерттеулер орталығы алғашқы сапарын дәл осы өңірден бастады.

Ерейментау – елордадан 130 шақырымдық жер. Қазақ тарихынан сыр шертетін деректерге толы мекен. Бөгенбай батыр мекендеген қасиетті жер. Мұнда Батыс Түрік қағанатының төл ескерткіштері, Ескі Орхон жазулары сақталған.

Алла Гаврина, тілші:

Біз дәл қазір Торғай ауылдық округіндеміз. Бұл аймақта осындай балбалтастың 13-і бар. Ал сіз көріп отырған мына балбалтас 1948 жылы Әлкей Марғұлан экспедициясы барысында табылды.

Манап Бектасұлы, өлкетанушы, этнограф:

Осы тастар ғалымның көзіне түсіп, археологиялық кадастр деген болады. Соған «Қос батыр» деген атпен енген екен. Байқап қарасаңыз, мына көзді үлкен, қорқынышты етіп көрсеткен. Өйткені бұл үлкен батыр адам. Жай адамға қойылмайды ғой. Тайпа басшысы, иә болмаса үлкен қолбасшы, үлкен жеңістің адамы болған.

Араға 60 жыл салып, яғни 2009 жылы ғалым Айман Досымбаева тарихи ескерткіштерді зерттеу жұмыстарын қайтадан қолға алды. Тіпті, аспан астындағы ашық ландшафты музей салу жоспарда болған. Бірақ жүзеге аспай қалды. Бұған түрлі себеп бар. Соның бірі көне жәдігерлерге апаратын жолдың жоқтығы...

Абай Әлжанов, Ерейментау ауданының әкімі:

Туристік маршрут жасалып жатыр. Сол жерлерге тас төсеп, жолды түзеу жобада бар. Былтыр да біраз жұмыс жасадық. Жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Жаушоқы, 1-5 ғасырларға тиесілі Мұртты оба ескерткіштері де осы маңайда орналасқан. Соңғысын тіпті сақтар мекендеген деген дерек те бар. 2010 жылы мұнда қола дәуірінің қорғандары мен қыш құмыралар табылып, еліміздің маңызды ескерткіштер қатарына қосылды.

Асылбек Байжұмаұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Геральдикалық зерттеулер орталығының директоры:

Солтүстік өңірдің өзінде Қорғалжың, Баянауыл және басқа да жерлерде балбалтастар, сондай-ақ ғалымдар әлі зерттеп үлгермеген қаншама ескерткіштеріміз бар. Әр тастың артында бір тарих, бір тағдыр жатыр.

Жалпы солтүстік өңірлерде барлығы 34 кесене бар. «Қасиетті Қазақстан» жобасы аясында мұндағы таңбалар мен жәдігерлерді бір жүйеге келтіру жоспарланып отыр. Жергілікті тұрғындар мен сала мамандары бұл өңір әлі-ақ туристер сапарлайтын, туған жердің тарихына қызығатын азаматтардың жиі келетін аймаққа айналатынына сенеді.

Хабарламаларға жазылу