Соңғы тәуліктерде еліміздің әр аймағында суға кетіп, қайтыс болғандар көбейді. Оған күннің күрт ысуы себеп.
Мәселен, Павлодар облысының Торайғыр ауылында 1978-інші жылы туған ер адам өзенге батып кетті. Куәгерлердің айтуынша, ол суға тұншығып жатқан 9 жастағы қызы мен 14 жастағы ұлын құтқармақ болған. Оның қасында 36 жастағы тағы бір ер адам жүрген. Өкінішке қарай,ол да суға кетіп, көз жұмды. Ал, екі бала Баянауылдағы ауруханаға жеткізілді. Жағдайлары жақсы.
Қарағанды облысында да екі жасөспірімнің ажалы судан болды. Бірі Самарқан суқоймасына батып кеткен. Ал, екіншісі Нұра өзенінің арнасына шомылып жүрген жерінде суға тұншығып, жан тапсырды.
Ал, батыс қазақстандық құтқарушылар Шалқар көліне шомылып жүріп, жоғалып кеткен баланың денесін әлі іздестіріп жатыр. Оны су бетінде үрмелі төсеніште жатқан жерінен жел алып кеткен еді. Еске салсақ, оқиға 22-інші маусым күні болған. Атасы баланы құтқармақ болғанымен, шамасы жетпеген.
Жақсыбек Кемал