Түркия: Орман өртінен 274 адам қауіпсіз жерге көшірілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркия: Орман өртінен 274 адам қауіпсіз жерге көшірілді

23.06.2022

Түркияның батысындағы Муғла провинциясына қарасты Мармарис курортты қаласының маңында орман өрті өршіп тұр. Кеше басталған өрт орманға жақын елдімекендерді де шарпыды. 274 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Әзірге тілсіз жаудан жараланған немесе қайтыс болғандар жоқ. 200 гектардан аса алаңға жайылған оты өшіруге 45 тікұшақ пен 12 арнайы ұшақ жұмылдырылды. Бұдан бөлек 2600 өрт сөндіруші де тілсіз жаумен күресіп жатыр. Ауыл шаруашылығы және орман министрінің мәліметінше өрт шыққан аймақтарды анықтау үшін атақты «Байрактар» дрондары да қолданылуда. Естеріңізде болса былтыр Түркияның 53 облысын шарпыған ел тарихындағы ең ірі орман өртінде 8 адам қайтыс болып, мыңдаған гектар орман күлге айналған еді.

Вахид Киришжи, Түркияның ауыл шаруашылығы және орман министрі:

Жерден және ауадан әрекет етудің арқасында қазір жағдай бақылауда. Дегенмен толық ауыздықталды деуге әлі ерте. Былтырғы алапат өрттен кейін біз арнайы құрылымдармен бірлесе әрекет етуде үлкен тәжірибе жинадық. Сондықтан алдағы екі күнде өртті толық сөндіреміз деген үміттемін.

Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу