Отандық сериалдардың рейтингі артты – Ләззат Танысбай - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отандық сериалдардың рейтингі артты – Ләззат Танысбай

23.06.2022
Отандық сериалдардың рейтингі артты – Ләззат Танысбай

Қазақстандық телевизия нарығында жүріп жатқан отандық телехикаялардың рейтингі шетелдік сериалдармен тең. Бұл туралы елордада өтіп жатқан «Қазақстанда медиаконтентті тұтыну әсер ету факторлары мен даму үрдістері» атты конференцияда «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай айтты.

«Біздің телевизия нарығында жүріп жатқан тағы бір үрдіс – отандық телехикаялардың рейтингтік көрсеткіштерінің шетелдік сериалдармен теңесуі. Бұл - отандық сериалдар индустриясының дамуының көрінісі. Бұған осында отырған әрбір медиаменеджердің үлесі бар, себебі соңғы жылдары барлық арналар телесериал өндірісін күшейтті», - дейді Басқарма төрайымы.


Бір ғана «Қазақстан» телерадиокорпорациясы жылына 160-200 бөлімді құрайтын 14-16 сериал түсіреді.

«Мысалы, өткен жылғы біздің өндірген «Ақжауын», «Күйеу бала» сериалдары өте жоғары рейтинг көрсетті, сондықтан биылғы жылы екінші маусымын түсіру туралы шешім қабылдап отырмыз, қазір екі сериалдың да түсірілім жұмыстары басталды. Алғашқы маусымы эфирден бөлек, интернет желісінде де жоғары қаралымға ие болды. «Ақжауын» сериалы You Tube желісінде - 22 миллион 657 мың рет қаралған. Биылғы жылғы жоғары рейтингі сериалдардың тағы бірі «Ауыл мұғалімі» телехикаясының You Tube желісіндегі қаралымы – 13 миллионға жетті. Осы жерде тарихи туындылар туралы да айта кету қажет. Өткен жылғы «Ахмет», «Домалақ ана» сериалдардың рейтингтік үлесі 19,3 пайызға дейін жетті, бұл шетелдік сериалдар үлесімен тең. 2021 жылы сыртқы нарыққа сатылған 1828 бөлімнен тұратын 95 сериалдың ішінде осы аталған телехикаялар бар. Яғни, бұл өнімдер сыртқы аудиторияның да қызғушылығын туғызып отыр», - деді Л.Танысбай.

Оның ішінде ТМД аумағын қамтитын «ИВИ.РУ», «ОККО», «Мегого», араб елдеріне тарайтын «Noorplay VOD» платформалары бар.


Ләззат Танысбайдың айтуынша, өткен жылы «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы аудиториясының сериалдарға деген сұрасыны 60 пайызға жоғарылаған.

«Біз сериалдар өндірісін жалғастырамыз. Биыл 167 сериядан тұратын 14 отандық сериал түсіруді жоспарлап отырмыз. Оның ішінде 16 бөлімді құрайтын төрт телехикая Міржақып, Мағжан, Әлкей, күйші Дина тұлғасына арналған тарихи бағыттағы туындылар. Қазір Мағжан Жұмабаевқа арналған сериалдың түсірілім жұмыстарын бастадық», - деп атап Басқарма төрайымы.

Хабарламаларға жазылу