Ақтөбе облысында этнофестиваль өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында этнофестиваль өтті

22.06.2022

Ұлттық дәстүр ұлықталған күн! Ақтөбе облысында көктемгі дала жұмыстарының аяқталуына орай этнофестиваль өтті. Қобда ауданындағы шарада жастар қой қырқып, мал союдан сайысқа түсті. Ал, келіндер табақ тарту рәсімін жұртшылық назарына ұсынды.

Талдысайдың майсаңына ақшанқан киіз үйлер тігілді. Науқанды аяқтаған шаруалар бұл шараға тыңғылықты дайындалған. Әсіресе асыл тұқымды қошқарлар көрмесі көп көңілінен шықты. Мұндағы әр қошқардың салмағы 100 келіден асады. Сондай-ақ қой қырқудан сайыс өтті.

Ольга Андреева, Ресейден келген қонақ:

Мен Мәскеуден келдім. Қазақстанға алғаш рет келіп тұрмын. Келе сала бірден қазақ халқының салт-дәстүпюрлерімен танысу бақыты бұёырды. Мұнда бәрі керемет!

Этнофестивальда қасапшылар да қарап қалмады. Өзара кім епті деп сайысты. Ал, спортшылар ұлттық ойындардың көркін қыздырды. Қозы көтеріп, күш сынасқан балалар да мәз. Ақ жаулықты аналар жас келіндерге табақ тартудың қыр-сырын үйретті.

Гауһар Жолдасбаева, жас келін:

Әжелеріміз айтқандай, анатомияны білсең, болды. Сүйектерді қалай қою керек, қалай бөлу кеоек, бәрін көрсетті. Анатомияны білу керек деді ғой.

Ұлт дәстүрін дәріптейтін көрме өтті. Оған қыздың жасауынан тартып, ат әбзелдеріне дейінгі дүниелер қойылды. Қонақтарға түрлі тағамдар тартылды.

Райгүл Серғалиева, өлкетанушы:

Өте тамаша күн, өте тамаша көңіл-күй. Қазақтың рухының жаңғыруы деп осыны айтуға болады.

Шара барысында еңбек озаттары марапатталды. Аға буын өкілдеріне лайықты құрмет көрсетілді. Жергілікті өнерпаздар ән-жырдан шашу шашты.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу