«Сыбаға» бағдарламасы: Қолдау қаржы алған қожалықтар істі болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Сыбаға» бағдарламасы: Қолдау қаржы алған қожалықтар істі болды

21.06.2022

«Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасына қатысқан Павлодарлық шаруалар тегіс «істі» болып жатыр. Біреулері берілген несиені мал сатушының есеп шотына жіберіп, кері қайтара алмай отыр. Енді бірі малды алған. Бірақ оның құжаты жалған болып шықты. Тіпті, оператор ретінде шетелден асыл тұқымды мал әкеп береміз деп сотталып кеткен шаруалар да бар.

Баянауыл, Аққулы және Ертіс аудандарындағы 11 қожалықтың өкілдері ұлттық арнаның тілшілер қосынын арнайы іздеп келіпті. Олардың сөзінше ауыл шаруашылығы басқармасы алдымен мал алуға несие берген. Кейін Ресейден сол малды сататын адамды да тауып берді. Ақыры сазға отырғызды-дейді олар.

Орал Сартаев, Шаруа қожалығының басшысы, Баянауыл ауданы:

Осы жолы мысалы 55 млн теңге ақша алу үшін мен тек қана бұрыннан жүрген қарапайым сиырдың 25-ін қойдым да 1,5 күннен кейін маған 55 млн. теңге ақшаны есеп-шотыма түсірді. Сол кезде күдіктендім бұл бір үлкен ойыншы, біз ойыншығы болып қаламыз-деп.

Енді келіп қорасында малы бардан да, жоғынан да құқық қорғау органдары жауап алып, істі сотқа жіберді. Мақсат берілген несие мен қоса субсидияны түгелдей мемлекетке қайтарту. Себебі, малы бола тұра фермердің қолында құжаты жоқ. «Сонда бұл мал Ресеймен арадағы шекарадан қалай кірген?» деген заңды сұрақ туындайды.

Бауыржан Ахметов, Шаруа қожалығының басшысы, Баянауыл ауданы:

Мемлекеттік органнан өткеннен кейін бізге сіздердің документтерініз жалған деп шықты. Ал, біз документтің жалған екенің эксперт емеспіз, білмейміз. Онда бас кезінде мемлекеттік орган қайда қарады? Бізге айтса мысалы мына документтерін қисық, мына документтерін өтпейді десе біз онда тоқтайтын едік.

Яғни, құжаттың қолдан жасалғаны малды Қазақстанға кіргізген соң барып айтылған. Бұл арада шет елден келген асыл тұқымды ірі қараға субсидия да беріледі. Прокуратура тексеріс бастайды.

Рүстем Есенов, Облыстық прокуратураның басқарма бастығы:

Субсидия берілген малдар Ресей федерациясындағы кәсіпорындардан сатылмағандығы анықталды. Мемлекеттен бөлінген заңсыз субсидияларды қайтару жөнінде талап қойдық. Қазіргі уақытта ауылшаруашылығы басқармасы сотқа шағымдар енгізді. Бүгінгі уақытта 5 шағым қаралып, қанағаттандырылды толығымен. Қалған істер сот өндірісінде.

Қазір аппелияциялық алқа бұл істерді қайта қарап жатыр. Егер бірінші инстанцияның шешімі өзгерусіз қалатын болса, үкім бірден заңды күшіне енеді. Онда бар малды қасапханаға өткізуге тура келеді-дейді шаруалар.

Бақытбек Нұрымбеков, Шаруа қожалығының басшысы, Аққулы ауданы:

Банкрот болады. Себебі, несие бере алмайды, қара тізімдеміз. Қайтарсақ бүкіл малды сойып тастаймыз. Бізде түк қалмайды. Жұмыскерлер бәрі далада қалады отбасыларымен бірге.

«Сыбаға» бағдарламасына қатысамын деп сыбағасынан қағылғалы отырған павлодарлық шаруаларды мазалайтын сұрақ көп. Ең бастысы «Малды мемлекеттік орган тауып берген оператордан алып опық жеп отырмыз. Ал, олар неге жауапкершілікке тартылмайды?» деген сауалға әзірге еш жауап болмай тұр.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу