Каспийдің Атырау жақ бөлігінде су мөлшері қалыпты деңгейден 3-4 есе төмендеген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Каспийдің Атырау жақ бөлігінде су мөлшері қалыпты деңгейден 3-4 есе төмендеген

21.06.2022

Каспийдің Атырау жақ бөлігінде су мөлшері қалыпты деңгейден 3-4 есе төмендеген. Теңізге құятын Жайық өзені соңғы 16 жылда бірде бір рет тасымады. Бұл - балық миграциясы мен теңіз көліктерінің емін-еркін қатынауына кері әсер етіп жатыр. Халық негізінен тіршілік нәрін Жайықтан алады. Алдағы бес жылда өңірде су тапшылығы 40%-ға дейін артуы мүмкін деген де болжам бар.

Жандос Темірғали, тілші:

Біз қазір жайықтың каспийге құяр сағасында тұрмыз.Бұл жердегі судың тереңдігі бар жоғы 56 см-ді ғана көрсетіп тұр. Мына қайықтың өзі қайраңдап қалып жатыр. Бұрындары дәл осы аумақтағы судың тереңдігі 3-4 метрге дейін барған.

Балық шаруашылығының күретамыры болған су айдыны бітеліп тұр. Қазылмағалы 5 жылдай уақыт болды. Ал, кеме жолының аршылмағанына 20 жылға жуықтаған.

Берік Батырғалиев «Қазақстан су жолдары» РМҚ кәсіпорнының маманы:

Судың деңгейі өте төмен. Су кетіп қалған жағдайда 20-смге дейін түсіп кетеді. 2 метр, 2 метр жарымнан кем болмауы керек қой.

Каспийге өңірдегі 19 кооперативтің шаруашылығы байланып тұр. Бағалы бекіре өсіретін екі зауыт та шабақ алатын керекті балығын осы судан аулайды. Егер теңіз түбі қазылмаса олардың да жұмысы тығырыққа тірелмек.

Айсұлтан Темешев, «Теңіз» инспекциясының Бас маманы:

Қазір қамыстан су кетіп бара жатыр. Балыққа мүмкіндік жоқ уылдырық шашуға. Мына жер бітеліп қалды. Балықтар жол таба алмай басқа жаққа кетіп қалады. Астраханьға, Россияға қарай.Жыл сайын қазылуы керек.

Ғалымдардың өткен жылғы зерттеуі балық миграциясының бұзылғанын көрсеткен. Мәселен, көксерке 4 есеге, ал, қара көз 2-3 есеге азайған. Оған басты себеп – теңіздің толмауы мен негізгі арналардың бітелуі.

Юрий Пименов, «Каспий маңы» университеттері ассоциациясының директоры:

Каспийдің деңгейі әлі де түсе береді. Өйткені, оған құятын судың мөлшері жыл сайын азайып барады. Теңізді қалпына келтірсек,жойылудың аз-ақ алдында тұрған бекіре тұқымдас балықтардың миграциясы да реттелер еді. Жалпы теңіздің төңірегінде қордаланған мәселлерді мемлекет деңгейінде шешу керек.

Каспийге құятын Жайықтан да шырай кеткен. 2006 жылдан бері тасымады. Бірақ биыл су жылдағыдан мол келді. Оның өзі аңқасы кеуіп, арнасы тарылып қалған өзенді жарытпады. Теңіз тамағына жиналған топырақ пен өзен түбіне батып кеткен 30-ға жуық ірі техника келген суды бөгеп, қатынасқа кедергі келтіріп тұр. Жауаптылар Ресейлік кеме арқылы мәселені шешуді көздеп отыр.

Андрей Озерных, Кеме құрастыру кәсіпорнының Бас директоры:

Кешенді кеме су түбінен сағатына 250 текше метр топырақ қазады. Бұл Ресейлік кеме жасаушылардың соңғы 30 жылда құрастырған алғашқы техникасы. Жоба Қазақстанға келер жылы тапсырылады.

Жергілікті әкімдік су түбін тереңдету жұмыстары үшін мамандандырылған коммуналдық кәсіпорын құруды ұсынды. Бірақ әзірге бұл сөз жүзінде ғана қалып отыр. Нақты жұмыстардың қашан басталатыны белгісіз.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу